Қызылорда облысы бойынша «КРЭК» АҚ теңгерімінде 10 мың шақырымнан астам электр желілері мен 1867 қосалқы трансформаторлық станция бар. Бүгінде осы электр құрылғыларының 68 пайызының тозығы жеткен. Сәйкесінше, биыл «Қызылорда қаласында электр желілерін дамыту, қайта құру және жаңғырту» қаржылық-экономикалық негіздеме бағдарламасы аясында 3,1 млрд.теңгенің жобасы жүзеге асады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Мұстафаев мәлімдеді.
-Қазіргі таңда жоба екі кезеңге бөлініп, облыстық бюджеттен бірінші кезең жұмыстарына 1,6 млрд.теңге қаражат бөлінді. Яғни, 35 дана 10/0,4кВ қосалқы станцияларын КТПБ типті трансформаторлы қондырғысына ауыстыру, 27 дана 10/0,4кВ кірпіштен қаланған қосалқы станцияларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 31,6 шақырым 10/0,4кВ кабель желілері ауысады. Бұған қоса, 16 дана УАЗ автокөлігі сатып алынады. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары басталды. Қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарлануда,-деді Қайсар Мақсұтұлы.
Сонымен қатар, аудан және елді мекендердегі жоғарғы кернеудегі электр желілерінің тозуына байланысты 10 дана электр желісіне жоба жасау жоспарлануда.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының ұсынысымен басталып, жергілікті демеушілердің қолдауымен тұрғын үйлердің сырты заманауи панельдермен қапталатын болады. Қазіргі таңда орталықтағы 18 тұрғын үйдің сыртын фасадтармен қаптау жоспарда. Абай даңғылы, Ғани Мұратбаев көшесі, орталық алаңдағы тұрғын үйлердің қаптау құрылысы кезең-кезеңімен жалғасады. Бүгінде төрт үйдің жұмысы басталып кетті. Аталған нысандарды мамыр айының басында тапсыру көзделіп отыр. Жоспарда 25 тұрғын үй бар.