Бүгін VІІІ шақырылымдағы Қазалы аудандық мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Жиында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Аманбай кезектен тыс сайлау қорытындысын жариялап, саяси науқан қорытындысымен депутат болған 15 халық қалаулысына куәлік пен төсбелгі табыстады.
Алғашқы сессияда алдымен аудандық мәслихат хатшысын сайлауды халық қалаулылары ортаға салды. Бұл ретте депутат Арғын Орынбаев аудандық мәслихат хатшысы лауазымына Ғазиз Әліштің кандидатурасын ұсынып, дауыс беру нәтижесімен бірауыздан қолдау тапты.
Өз кезегінде мәслихат хатшысы Ғазиз Әліш артылған сенімге жұмыс жасайтынын жеткізіп, бір ауыздан қолдаған әріптестеріне алғысын білдірді.
Одан кейін тұрақты комиссиялардың төрағаларын бекіту дауысқа салынды. Нәтижесінде экономика, қаржы, бюджет, кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы болып Әділбек Сарабеков, әлеуметтік, мәдени, құқық қорғау және жастар саясаты жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Күншығар Әбілов және өндіріс салалары, ауыл шаруашылығы, экология, табиғат ресурстарын пайдалану жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Арғын Орынбаев ұсынылды.
Мұнан соң сессия отырысында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жаңадан сайланған депутаттарды құттықтап, ел ертеңін еңселі ету жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Айта кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауында аудан бойынша дауыс берушілердің 81,06 пайызы қатысып, тұрғындардың белсенділігі жоғары болды.

БӨЛІСУ