Шиелі ауданының тұрғыны Жандәулет Қаракеев тіккен таза былғары аяқ киімдер отандық нарықта өзіндік орнын алып үлгерген. Жұмыстың көзін тауып, кәсібін кәдеге жаратқан етікшінің өнімдеріне бүгінде сұраныс көп.
Ата-бабам ұста болған. Әкем өз әкесінен көргенін маған үйретті. Ары қарай өзім ізденіп, алып кеттім. Алдымен үйдегілерге, балаларыма, туыстарыма тігіп жүрдім. Қай жерінде кемшілігі бар, аяқты талдырама, оның кию барысында тез тозама соның бәріне баса назар аудардым. Былайынша айтқанда шеберлігімді ұштап, даярлап алдым. Әбден сапасына көзім жеткен соң ғана тапсырыс қабылдай бастадым. Қазір Қостанай, Көкшетау, Петропавл секілді ауа райы суық облыстардан тапсырыс берушілер көп. Желтоқсан, қаңтар айлары жұмыс қызу жүріп жатыр. Тапсырысты уақытылы орындау үшін күні-түні жұмыс істеудеміз.
Кәсіпкердің айтуынша, бір дана қыстық аяқ киімді тігуге екі күн жетеді. Алдымен лекалды, яғни былғарыны пішіп-қиып, машинада тігу, қалыпқа салып тарту, бір күн кептіру, табанын жапсыру сықылды жұмыстар атқарылады. Ал бір саптама етікті тігу үшін бір апта уақыт керек.
– Қолымызда бар құрал-саймандарды – тігін машинасын, станоктарды пайдаланамыз. Арнайы қалыптарымыз бар. Көбі қолдың жұмысы. Аяқ киімдер тек таза былғарыдан тігіледі. Дизайнын да өзіміз жасаймыз. Қолдан шыққан дүние сол үшін де құнды. Біздегі ерлер етігінің құны 25 мыңнан басталады. Одан кейін қонышына, басқа да ерекшелігіне байланысты баға өседі. Ең қымбаты – 45 мың теңге. Мәсілер де қонышына, материалына байланысты 25-35 мың тұрады. Ал саптама етіктер – 120-150 мың теңге, іші сырты былғарыдан, ағаш шегемен шегелеп тартып, көмкереміз, ішіндегі байпағы киізден жасалады, өкшесі үш қабатты, тұмсығы екі қабатты былғарыдан тұрады. Өте сапалы, аяққа жеңіл, төзімді келеді. Сонан соң кез келген сатып алушыға кепілдік бар.
Жеке кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз грант ұтып, одан бөлек “Қызылорда” Өңірлік инвестициялық орталығынан” 4 млн теңге көлемінде несие алып, шағын кәсібін цехқа айналдырып отыр. Қазір қасында екі інісі бар. Алдағы уақытта үйдің жанынан үлкен цех ашуды жоспарлап отыр.
Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы