Бүгін Арал ауданы әкімдігінде темір жол арқылы өтетін көпірдің құрылысын сапалы ұйымдастыру жөніндегі техникалық мәжілістің отырысы өтті. Оған аудандағы коммуналдық қызмет, дербес бөлім басшылары мен жоба жетекшілері, мердігер мекеме өкілдері қатысты.

Жиында алдымен сөз алған аудан әкімі Серік Сермағамбетов тұрғындар үшін маңызды мәселеге айналған темір жол үстінен өтетін көпір құрылысын сапалы жүргізу мен уақытылы орындау басты талап екендігін айтты.

Басқосуда сөз алған мердігер мекеме «Ритм» ЖШС-нің өкілі Евгений Усатов көпір құрылысына қажетті техникалардың Арал қаласына жеткізілгендігін баяндады. «Қазіргі таңда құрылысқа керек материалдар жеткізілу үстінде. Қажетті мамандар да жеткілікті. Бірер күннен соң алғашықы жұмыстарды «Жылқыаман Батыр» көшесі беткейінен басталатын болады» – деді жоба басшысы.

Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының тоқтаусыз жүруі үшін коммуналдық қызметтің басшылары мердігер мекемемен бірлесе отырып, жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
«Көпір құрылысының сапалы жүргізілу – бәрімізге ортақ міндет. Құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жүруі тиіс. Оған ел азаматтары бір кісідей жұмыла, жанашырлықпен қарауымыз керек. Сондай-ақ құрылыс кезінде күнделікті тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін коммуналдық қызметтің үздіксіз жұмыс жасауын ұдайы бақылауда ұстау қажет» – деді аудан әкімі.

Жиын соңында аудан басшысы темір жол арқылы өтетін көпірдің құрылысына «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы жергілікті азаматарды көптеп тарту қажеттігін тапсырды.

Сонымен қатар, аудан әкімі Серік Сермағамбетов жұмыс сапарымен Жаңақұрылыс ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті. Аудан басшысы ауыл халқының өткен жылы көтерген мәселелерінің оң шешілгендігін айтып, ұсыныстарға сай тиісті шаралар қабылданып жатқандығын жеткізді.

Ауыл халқының ұзақ жылдардан бері толғандырып келе жатқан, аудан орталығын жақындататын жол мәселесі жақын арада толғымен шешілмек. Бүгінде аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Жаңақұрылыс» автожолының құрылыс жұмыстары жалғасуда. Аталған нысанды іске асыруға өткен жылы республикалық және облыстық бюджеттен 905 млн.теңге, биыл облыстық бюджеттен 458 млн.теңге бөлінді. Қазіргі таңда, аталмыш жолдың 18 шақырымының астыңғы қабаты тегістеліп, қиыршық тас төселінді. Жоба жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілетін болады.

БӨЛІСУ