Бүгін қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейіловтың төрағалығымен өткен қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша Қызылорда қаласы әкімдігінің жанындағы консультациялық-кеңесші органның кезекті отырысында үш мәселе қаралды.

Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды еркін өмірге бейімдеу, жұмысқа орналасуына, сондай-ақ қайта кәсіптік даярлауға көмектесіп, әлеуметтік мәселелерін шешу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Аталған мәселе бойынша Қызылорда қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөліміне қарасты «Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының директоры Бахыт Нұртазаев хабарлама жасады.

Қазіргі таңда қалалық пробация қызметі есебінде тұрған 613 адамның ішінде 53-і жұмыссыз болып табылады. Жұмыссыз азаматтың 13-і ғана қалалық жұмыспен қамту орталығына тіркелгендігі анықталып отыр. Кеңес барысында қалған 40 азаматты жұмыспен қамту бойынша нақты жұмыстар жүргізуді және пробация қызметі есебінде тұрған азаматтар туралы уақытылы мәлімет алмасумен қатар, «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінің ай сайын өткізілуін қамтамасыз ету тапсырылды.

Келесі, жаза өтеу орындарынан бостылғандар мен пробация қызметінде есепте тұрған азаматтардың медициналық көмекпен қамтылуы және оның ішінде туберкулезбен ауыратын адамдарды және амбулаторлық емдеудегі туберкулезбен ауыратын азаматтарға көрсетілген қызметтер туралы қаралды. Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетовке жаза өтеу орындарынан босатылғандар мен пробация қызметінде есепте тұрған азаматтардың тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде тұрақты түрде көмек көрсетілуін жүзеге асыру және пробация қызметі есебіндегі азаматтарға психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету бойынша және профилактикалық тексеруден өткізу жұмыстарын жалғастыру жүктелді.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе, діни көзқарастарды ұстанатын жазасын өтеушілерді қоғамға бейімдеу мақсатында жүргізілген жұмыстарды және өмірлік қиын жағдайға тап болған бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар мен пробация қызметінің есебіндегілерді (оның ішінде жастарды) қаладағы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүргізіліп жатқат әлеуметтік жобаларға тарту және атқарылып жатқан шараларды БАҚ-да жариялау туралы Қызылорда облысының дін істері басқармасының бөлім басшысы Гүлсім Романқұлова және қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Парасат Жанабергенов баяндама жасады.

Бүгінде Қызылорда қаласы әкімдігімен деструктивті діни ағым ықпалында жүрген азаматтармен жұмыс жасау алгоритмі бекітілді. Алгоритм негізінде қалаға қарасты кент және ауылдық округтері аумағында ДДА ұстанушы азаматтармен профилактикалық жұмыстар үйлестіріліп, олардың әлеуметтік статустарын анықтауға және теологтармен кездесулер ұйымдастыруға мүмкіндіктер жасалды, ДДА ұстанушылардың әлеуметтік карталары жаңартылды және нақты тұрғылықты мекен-жайлары анықталды.

Жанмұрат Жақсымұратұлы, діни көзқарастарды ұстанатын жазасын өтеушілерді қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтуді тапсырды.

БӨЛІСУ