Қала әкімі Асылбек Шаменов Қызылөзек, Талсуат және Ақсуат ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында шаһар басшысы облыс орталығында атқарылған жұмыстар мен жүзеге асырылатын жобаларға тоқталып, халықты толғандырып жүрген сауалдарға жауап берді.

​Биылғы жылы ауылдарға ерекше көңіл бөлінді. Тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес, қажетті шаралардың барлығы атқарылды. Бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Жедел әрі жүйелі істің нәтижесінде «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Атап айтар болсақ, игілікті бағдарлама аясында Қызылөзек ауылдық округіндегі 2 көшеге асфальт және 4 көшеге малта тас төселеді. Бөлінген қаржы көлемі – 173,8 млн. теңге.

​Бұдан бөлек, жергілікті бюджеттен қаралған 4,5 млн. теңгеге түнгі жарық бағаналары орнатылады. «Қожақ» автомобиль көпірі де алдағы күндері жөндеу көреді. Оның жоба-сметалық құжаттарына 5,2 млн теңге қаражат бөлінді.

​Балаларға арналып спорттық-ойын алаңы салынады. Оған да қаржы қарастырылды. Ал, электр желілерін қайта жаңғырту үшін 6 млн. теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
​Талсуатта да биыл қызу жұмыс жүреді. Яғни, «Ауыл-ел бесігі» жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен бөлінген 65,2 млн. теңгеге 8 көше жөнделеді. ​Жергілікті бюджеттен қаралған 2,1 млн. теңгеге ауылдағы 7-ші көшеге жарық бағаналары орнатылады. Өткен жылы іргетасы қаланған 150 орындық ауылдық клуб мамыр айында ашылады.

​Ал, Ақсуаттық ағайын сәуір айының алғашқы онкүндігінде көгілдір отынға қосылады. Жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен бой көтерген спорт кешені пайдалануға беріледі.

​«Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында 79,9 млн. теңгеге 2,9 шақырым болатын 3 көше жөндеу көреді. 10,4 млн. теңгеге 1,6 шақырым болатын 2 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылады.

​Мұнан өзге, 68,7 млн. теңгеге 1,4 шақырым болатын Ә.Құдабаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға және түнгі жарық бағаналарын орнатуға Ұлттық қордан 89,8 млн. теңге бөлінді. 1 млрд. теңгеге жаңадан қоныстанушы аумаққа электр желілерін жүргізу құрылысына облыстық бюджеттен 200 млн. теңге қаралды. Қосымша 5 көшеге асфальт төсеуге 590,9 млн. теңге берілді.

​Тұрғындар атқарылатын жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Дегенмен, ауылдағы ағайын аяқ су мәселесін түбегейлі шешу қажеттігін айтып, қала әкіміне бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде шаһар басшысы жауапты салалармен зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шаралар қабылданады деді.

БӨЛІСУ