Skip to content

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ САҚТАУ НАЗАРДА

Полиция интернет-алаяқтардың жаңа схемалары туралы ескертеді.

ІІМ ақпараттық кеңістікке де мониторинг жүргізуде. Жалған ақпарат таратқандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Күрделі су тасқыны жағдайына байланысты жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған сәттен бастап жалған ақпарат таратқаны үшін барлығы 2 қылмыстық іс және 13 әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы  ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

«ІІМ интернет-алаяқтардың жаңа схемалары туралы ескертеді. Өтемақы төлеуді күткен адамдарға алаяқтар белгілі бір мемлекеттік органның атынан қоңырау шалып, адамның су тасқынынан зардап шеккендердің тізімінде тұрғанын растау үшін SMS-тен код жазып жіберуін ұсынуы мүмкін. Шындығында, осы кодтың арқасында алаяқтар жәбірленушінің атына көп мөлшердегі несие рәсімдей алады. Дегенмен, білу маңызды: мемлекеттік органдар мен банктердің қызметкерлері ешқашан телефон арқылы құпия деректерді беруді талап етпейді. Зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселелері тек ресми түрде шешіледі: жеке сапармен немесе ресми веб-ресурстарды пайдалану арқылы. Sms-ке келетін кодтарды ешкімге хабарлауға болмайды. Күмәнді сілтемелерге өтуге болмайды. Телефоныңызға қауіпті вирустер өтіп кетеді, бұл алаяқтарға телефон иесінің атынан банктік операциялар жасауға мүмкіндік береді», – деп ескертті спикер.

Ішкі істер министрлігі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен халыққа су тасқыны салдарын жоюға жәрдем беруді жалғастыруда. Су тасқыны қиын өңірлерде азаматтардың қауіпсіздігін, құқықтық тәртіпті және қараусыз қалған мүлікті қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Бір айдан бері тәртіп сақшылары күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруды жалғастыруда. Құтқару жұмыстарына және су тасқынына қарсы іс-шараларға 3,6 мыңнан астам қызметкерлер мен әскери қызметшілер, сондай-ақ ІІМ оқу орындарының курсанттары қатысты. Осындай жұмыстарға 590 бірлік қызметтік техника жұмылдырылды.

Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындардың ешқайсысы ықтимал су басу аймағында қалмауы үшін кенттер бойынша жаппай рейдтер жүргізуде. Қараусыз қалған мүлікті қорғау үшін полиция 54 елді мекенді қоршауға алды. Қазір полицияның қорғауында 10 416 қараусыз қалған тұрғын үйлер мен басқа да нысандар бар.

Азаматтарды құтқару кезінде қатардағы жауынгерден бастап полковникке дейін полиция қызметкерлері батылдық танытқанын атап өткен жөн.
«Мысалға, СҚО-да полицейлер 2 жігітті су тасқынынан құтқарды. Петропавл маңындағы Кожевенный кентіне су  жылдам келді. Елді мекенде халықты эвакуациялаумен айналысып жүрген полиция қызметкерлері ауылдан соңғы болып шығып жатқан. Барлық азаматтық және бағыныштылардың апат орнынан кеткеніне көз жеткізу үшін Петропавл полициясының бастығы Марат Жұмалиев, облыстық департамент бастығының орынбасарлары Асқар Мұхаметқалиев пен Айдос Ыдырысов КАМАЗ-бен ауылды тағы бір айналып өтуге шешім қабылдады. Олар алыстан судың қатты ағымынынан шыға алмай жатқан екі адамды байқап, оларға қарай бет алды. Сол кезде ауылдағы су деңгейі 1,5 метрге жетті. Оларға жақындаған полицейлер мұзды суға беліне дейін түсіп, кабинаға сүйреп апарды. Қолдарында мысығы болған ағайынды Юрий мен Николай Закатыриндер құтқарылды, олардың қолдары суықтан тартылып қалған», – деді спикер.

Сондай-ақ өзенге жақын Орал қаласының саяжайларында тұрғызылып жатқан бөгеттің бұзылуына байланысты ер адамды ағынмен алып кеткен кезде апаттық-құтқару жұмыстарына тартылған Орал полицейі Әміржан Бірлесов мұзды суға түсіп, ер адамды құтқарды. Оларға Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен азаматтар шығуға көмектесті. Учаскелік полиция қызметкері ер адам мен ұлын саяжайдан шығарып, байланған итті құтқарды. Су басу аймағына жіберілген Ақтөбе учаскелік полиция инспекторы Нұрхат Сәлімгереев қалғандарын іздеп, қатты су басқан «Новостройка-2» саяжай алабында қайықпен жүзіп өтті.

Су басқан үйлердің бірінен адамдарды тапқаннан кейін, ол ер адам мен оның ұлын арқасына алып шықты. Полиция қызметкері сондай-ақ аулада байланған итті де құтқарды. Ол эвакуацияланғандардың мүлкін сақтау үшін су басқан құрылыстарды күзетуді жалғастыруда. Ақтөбе облысының Талдысай ауылын су басу қаупі туындаған кезде полицейлер кентті аралап, тұрғындарды эвакуациялық пунктерге тасымалдай бастады.
«Кейбір ауыл тұрғындары бас тартып, үйлерінде қалды. Олардың қауіпсіздігіне алаңдаған учаскелік полиция инспекторы Дархан Кемелтаев таң атқанға дейін ауылда кезекшілік етті.Таңертең су күрт көтеріле бастап, ауылға кірді. Ауылдағы ірі мұз блоктары мен су тасқынынан жарық сөніп қалды. Көшелер су астында қалғандықтан, Дархан артқы аулалардан секіріп өтіп, ұйықтап жатқан адамдарды оятып, үйден өздігінен шыға алмағандарға көмектесе бастады. Ол өзінің әріптесі Айбек Алтынбаевпен бірге қалған тұрғындарды су басу аймағынан шығарып, эвакуациялық пунктке жеткізді», – деді Ш.Алекешев.

БӨЛІСУ

Designed using Hoot Business. Powered by WordPress.