Талантты халық туғызады. Талант халыққа қызмет етеді. Жалағаш топырағы осындай талай рухы биік, арманы асқақ тұлғаларды дүниеге әкелді, қанаттандырды. Әбілда Жүргенбаев, Әбдікәрім Оңалбаев, Қомшабай Сүйеніш, Зордан Салықбаев, Асқар Кіребаев, Темірше Сарыбаев, Мәлік Аяпов, Елена Әбдіқалықова бастаған ақындар көші бір-біріне жалғаса бермек. Осындай таланттардың қатарында – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, сатирик-журналист, еңбек ардагері Қазына Өзденбаева да бар десек артық айтқандық емес.

Бүгін Жалағаш жұрты «Руханият» орталығында ақын қыздарының 70 жас мерейтойына арналған сыр-сұқбаттың куәсі болды.

Мерейтой иесін аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов арнайы аудан әкімінің құттықтауын табыстады. Мұнан бөлек, Сырдың аға буын ақындары, замандастары Серік Ыдырысов, Толағай Дүңкиев, айтыс ақындары мен жыршы термешілердің Халықаралық одағы Қызылорда облысы бойынша филиал төрағасы Нұрмат Мансұр, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Т.Ахетов, Жұмабай Шерниязұлы, ақын-сазгер А.Орынбаева және Қазына Мералықызының қызы Мөлдір Айтбай мерейтой иесін құттықтап, жыр шумақтарын арнады. Ағалар ізін жалғастыруша жалынды жас Бексұлтан Орынбасар кешті арнау жырымен ашты.

Шара барысында ақынның «Супер ене» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Қазына Өзденбаева 1954 жылдың 27 сәуірінде Жалағаш кентінде дүниеге келген. Ауыл шаруашылығы саласының қызметкері, жүргізуші-механизатор, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы. 1954 жылы 27 сәуірде Жалағаш ауданы, қазіргі Ақсу ауылында дүниеге келген. 1970 жылдары автотранспорт кəсіпорнында «ЗИЛ-130» маркалы ауыр жүк машинасының жүргізушісі болды. «К-700» алып тракторының, «Енисей» комбайнының рөлінде де отырды. Кейін Ақсу ауылының əкімі, «Ақмешіт ақшамы» газеттерінде тілші, республикалық «Сыр айнасы» газеттерінің бас редакторы қызметтерін атқарды. «Құрмет белгісі» орденімен жəне бірнеше мерекелік медальдарымен, «Үздік автокөлікші» төс белгісімен марапатталды. Бірнеше дүркін Социалистік жарыстың жеңімпазы, аудандық, облыстық кеңестің депутаты, аудандық, облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болды. Бірнеше тағылымдық, танымдық кітаптың авторы.

Қызылорда педагогикалық институтын бітіргеннен кейін еңбек майданына ерте араласып, ер азаматтармен бірге көлік құралдарын басқарып, жұмыс жасаған. Осындай еңбегінің арқасында Қазына Мералықызы облыстың «Таңдаулы транспорт қызметкері» деген атағын алған. Бойындағы дарыны, таланты ақын бойында кең қанат жайып осы жолға бетбұруына септігін тигізді. Қаламгердің ұшқыр қаламынан құнды да тағылымды дүниелер жарық көрді.

БӨЛІСУ