Жалағаш ауданының әкімі Ерлан Төрәлиев Руханият орталығында ауданның зиялы қауым өкілдері және еңбек ардагерлерімен кездесті.
Кездесуде аудан басшысы жаңа қызметтің үлкен мәртебемен қатар зор жауапкершілік жүктейтінін атап өтіп, алғашқы күндерден бастап ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын зерделеуге, тұрғындардың талап-тілегі мен өзекті мәселелерін анықтауға басымдық беріп келе жатқанын айтты.
«Бүгінгі кездесудің мақсаты – сіздердің пікірлеріңізді тыңдап, ауданның өзекті мәселелерін бірге талқылау. Өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз алдағы жұмыстардың бағыт-бағдарын айқындауда маңызды», – деді Ерлан Төрәлиев.
Аудан әкімі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы, облыс әкімінің тапсырмалары аясында өңірде бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Алдағы кезеңде құрылыс, жол, газдандыру, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және абаттандыру жұмыстарына басымдық берілетінін атап өтті.
Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Садық Әлиев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асылбек Тәуіпбаев, білім саласының ардагері Ұлданай Тоқпенбетова, Бұқарбай батыр ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Нұрмағанбетов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қожатай Құлмахан және басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, ауданның дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Ардагерлер аудан әкіміне жаңа қызметінде сәттілік тілеп, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстарға қолдау көрсететіндерін жеткізді.