ШИЕЛІДЕ КӨКӨНІС ПЕН БАҚША ДАҚЫЛДАРЫН ЕГУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Шиелі ауданында көкөніс және бақша дақылдарын егу науқаны жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан диқандары көктемгі дала жұмыстарына белсене кірісіп, егіс алқаптарында агротехникалық талаптарды сақтай отырып еңбек етуде. Қазіргі таңда егіс жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалары мен жұмыс күші толық жұмылдырылған.

Биыл аудан бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің импортын азайту мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Сонымен қатар тұрғындардың өз өнімдерін өндіруіне қолдау көрсету де басты назарда.

2026 жылға жоспарланған көрсеткіштерге сәйкес, ауданда 235 гектар жерге картоп, 2545 гектарға бақша дақылдары және 2250 гектарға көкөніс дақылдары егіледі. Қазіргі таңда бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Мамандардың айтуынша, егіс сапасына тұрақты бақылау жүргізіліп, өнім көлемін арттыру бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Диқандар жердің құнарын тиімді пайдаланып, мол өнім алуға күш салуда.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болып, жоспарлы түрде жалғасын табады. Аудан еңбеккерлері биыл да мол өнім жинап, өңірдің азық-түлік қорын толықтыруға өз үлестерін қосуды көздеп отыр.

БӨЛІСУ