Негізінде мұсылман қауымы үшін құлшылық ешқашан да намаз, ораза, садақа сынды амалдармен ғана шектелмейді. Құлшылықтың түсінігі өте кең. Аталған амалдардан бөлек, Алла Тағаланың қасиетті Құрандағы әмірінің барлығы да біздерге құлшылық болып саналады.
Алла Тағала Қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 90-аятында: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан тыяды», – десе, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым-қатынасын үзбей, жалғастырсын», – деп бұйырады. Хадиске мән берсек, тіпті туыстық қарым-қатынастың үзілмеуі қаншалықты маңызды екендігін пайымдай алуымыз үшін Алла Елшісі бұл амалды иманмен байланыстырып тұр.
Ағайын-туыспен араласу, жағдай сұрасу, қонаққа шақыру, шақырса бару, қуанышына ортақ болып, қайғысын бөлісу сынды амалдар – Алланың әмірін орындау, Жаратушыға деген құлшылықтың бір түрі.
Таяқтың екі ұшы бары секілді, осы аталмыш амалға мән берудің пайдасы және немқұрайлы қараудың зиянына тоқталайық. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туысқанымен қарым-қатынасын үзбесін», – десе, тағы бір сөзінде: «Туыстық қатынасты үзуші жәннатқа кірмейді», – деп айтқан. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 1-аятында: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар! Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы», – деп ескерткен. Әйгілі ағартушы, ғалымЫбырай Алтынсарин атамыз бір еңбегінде: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деп жазады.
Алла Тағала Қасиетті Құранның «Ибраһим» сүресі, 7-аятында: «Егер шүкірлік етсеңдер, нығметімді арттырамын», – деп сүйіншілейді. Туған-туысымыздың көп болуы да Алладан берілген нығмет. Әр нығметтің өзінің шүкірлігі бар. Мысалы, денсалыққа шүкір ету – сол денсаулығымызды күту, зиянды заттармен ластамау секілді амалдар. Дәл осы секілді ағайын-бауырлармен ара-қатынасты үзбей, әрдайым жалғап жүру де осы нығметке білдірген шүкірлігіміз.
Халық даналығында ағайындықты сақтап, араны ажыратпауға шақыратын даналық сөздер бар. Мәселен, «Ағайын – ағайынның айнасы», «Ағайын бірде араз, бірде тату», «Ағайында өкпе бар да, кек жоқ», «Ағайынның азары болса да, безері жоқ», «Бауыр шырын, бас тәтті, Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Ағайын қадірін білмесең жалғыздық берер сазайды», «Бетің қисық болса айнаға өкпелеме, Ниетің қисық болса ағайынға өкпелеме», «Ағайыңды өкпелеткеннің үні іриді», «Сара жолдың қадірін адасқанда білерсің, Қарындастың қадірін қарасқанда білерсің», «Туғаныңмен туыспасаң кең дүниеге сыйыспассың», «Тіріңде сыйласпасаң, өлгенде жыласпа». Осы секілді мақал-мәтелдер туған-туыспен қарым-қатынасты үзбеу керектігін, оны жақсы ұстау керектігін меңзеп тұр. Сондықтан, ағайынның азары болса да, безері болмайды. Ағайынмен тату болу – адамгершілік қасиетіміз.
Нұрсұлтан СЕРІКҰЛЫ,
Сырдария ауданының бас имамы