🎒 ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тексеру нәтижелері бойынша 1500-ден астам баланың құқығы қалпына келтірілді
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2024 жылы өткізген тексерістің қорытындысын шығарды. Барлығы 18 өңірде 342 ұйым тексерілді, оның ішінде 120-сы жергілікті жерде және 58-і жоспардан тыс бақылау аясында тексерілді.
Тексерулер орта білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелерін, соның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарды, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мамандандырылған мекемелерді қамтыды.
Анықталған заң бұзушылықтар нәтижесінде 24 әкімшілік хаттама толтырылып, 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, 133 ұйғарым шығарылып, оларды жою бойынша 164 ұсыным жолданды. Бұдан бөлек, 78 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Тексерулер жергілікті атқарушы органдар тарапынан балалардың құқықтарын қорғау саласында заң бұзушылықтардың бар екенін көрсетті. Бұл заңнаманың сақталуын бақылауды күшейтудің және олардың білім алуы мен тәрбиеленуі үшін қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығын айғақтайды. Жүйенің барлық қатысушылары балалардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін жауапты, ал олардың басты міндеті – әрбір баланы қорғау, қолдау және оларға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі 1500-ден астам баланың құқықтарын қалпына келтіруді қамтамасыз етті.