Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағаларының өсуіне жол бермеу және тұрақтандыру шаралары тұрақтандыру қорының тауарлық интервенциялары арқылы, кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру, жәрмеңкелер ұйымдастыру және сауда жүйесінде делдалдық тізбектерді анықтап, қысқарту шаралары арқылы қабылданып жатыр.
Бүгінгі таңда өңірлік тұрақтандыру қорында 1327,4 тонна өнім қоры қалыптастырылған.
29,9 тонна қарақұмық жармасы, 34 тонна картоп, 1,7 тонна пияз, 39,3 тонна макарон өнімі, 41,5 тонна күнбағыс майы, 477,6 тонна ұн, 3,2 тонна тауық еті, 472,7 тонна күріш, 191,9 тонна қант, 35,6 тонна тұз, 1274,6 мың дана жұмыртқа бар).
2024-2025 жылғы қысқы-көктемгі маусымаралық кезеңде өңір тұрғындарын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорына 5 942 тоннаға форвардтық келісімшарт жасалды (оның ішінде картоп – 4 018 тонна, сәбіз – 709,9 тонна, пияз – 500 тонна, қырыққабат – 714 тонна).
Айналым схемасы аясында 14 кәсіпкерлік субъектісіне әлеуметтік маңызы бар 4,7 мың тонна азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету жөнінде міндеттемелер белгіленіп, 1 650,9 млн теңге қарыз берілді.
Әлеуметтік нан мен бірінші сортты бидай ұны бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында тұрақтандыру қорына Түркістан облысының ұн өндіруші кәсіпорнынан 5350 тонна бірінші сортты ұн сатып алуға келісімшарт жасалып, өңірдегі наубайханалар арзандатылған ұнмен қамтамасыз етілді.
Делдалдық схемаларды қысқарту бағытында бүгінге дейін қабылданған шаралардың нәтижесінде облыстың 16 наубайханасын ұн өндіруші кәсіпорындардан тікелей ұнмен қамтамасыз ету арқылы өңірдегі барлық сауда үйлеріне нан 80-85 теңге көтерме бағада босатылуда. Облыс орталығындағы бір ірі наубайханаға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы есебінен қарыз беріліп, қосымша ұнмен қамтамасыз ету арқылы 36 әлеуметтік дүкенге 65 теңгеден нан жеткізу жүйесі қалыптастырылған.
Мал бордақылау кәсіпорындарына әлеуметтік сауда дүкендерін ақысыз жалға беру арқылы тұрғындарға сиыр етін 2000 теңгеден және басқа да ет түрлерін өндіруші бағасымен босату келісілген.
Құс өнімдерін көтерме жеткізушіні қаржыландыру арқылы интервенция бойынша 3 сауда үйіне және 36 әлеуметтік дүкенге тауық жұмыртқасы 35 теңгеден жеткізілуде.
Сүт өңдеуші кәсіпорынға қарыз беру арқылы сауда үйлерінде интервенция бойынша және әлеуметтік дүкендерде делдалсыз өндіруші бағасымен сүт өнімдерін босату жүйелендірілген.
Азық-түлік тауарларына өнімсіз делдалдар санын қысқарту бойынша апта сайын жүйелі түрде комиссия отырысы өткізіліп, белгіленген алгоритмге сәйкес 275 кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жұмыстары жүргізіліп, 98 кәсіпкерге әкімшілік шара (94 ескерту, 4 айыппұл – 193 830 теңге) қолданылды.
Өңірдің азық-түлік өнімдерін қамтамасыз етуде «Aray Food» ЖШС қуаттылығы 4000 тонналық көкөністер мен жемістерді сақтауға арналған мұздатқыш қоймасы іске қосылды.
Облыс халқын тікелей тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жыл басынан бері 248 жәрмеңке өткізілді.
Жыл басынан бері осы азық-түлік бағаларын реттеу бағытында қабылданған шаралар негізінде бүгінгі күні әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсу индексі 97,8% деңгейінде қалыптасты (ҚР – 99,5%).