Қазақстан Қытайға бидай экспортын ұлғайтты .
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның астық бойынша экспорттық әлеуеті туралы ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев баяндады.
Ол Қазақстанның астық бойынша экспорттық әлеуеті 12 млн тоннаға бағаланатынын, оның 7,5 млн тоннасы бидайға, 1,4 млн тоннасы арпаға, 300 мың тоннасы жүгеріге тиесілі екенін хабарлады. Майлы дақылдар бойынша әлеует 1 млн тоннадан асады деп бағаланады.
«Қазақстан Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің нарықтарына астық жеткізуді жалғастырады, бұл шамамен 4,2 млн тонна. Жалпы, Қытайға астық экспорты 2023 жылы 1,43 млн тоннаны құрап, жылына 5,5 есе өсім көрсетті», — деді Қайрат Төребаев.
Вице-министр сондай-ақ бидайдың Қытайға экспорты айтарлықтай артып, 2023 жылы 538,8 мың тоннаға жеткенін атап өтті, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 15 есе артық.
«Бұл Қытай мен Азия елдеріне 1,6 млн тоннаға дейін бидай жеткізу мүмкіндігін көрсетеді. Қытай органдарының талаптарына байланысты шекарада кідіріс мәселесін, сондай-ақ Қытайдағы қазақстандық астық импортына лицензиялар мен квоталар сияқты күрделі шарттарды пысықтау маңызды», — деп қосты Қайрат Төребаев.
Сондай-ақ вице-министр жаһандық сұраныстың артуы және бірқатар елде өнімділіктің төмендеуі жағдайында Италия, Латвия, Испания сияқты Еуропалық Одақ елдерінің нарығы тартымды екенін атап өтті.
Түркия мен Таяу Шығыс елдеріне экспорттың әлеуеті 1 млн тоннаға жуық бидайды құрайды.
«Иран нарығына жеткізілімдерді қалпына келтіру маңызды, арпа бойынша біз қазір динамиканы көріп отырмыз, сауданы қаржыландыру және логистика мәселелері пысықталады. Қазақстандық бидай брендін Пәкістан, Индонезия, Бразилия, Малайзия сияқты жаңа нарықтарда ілгерілету жөніндегі жұмыс жандандырылады, онда импорттың өсуі болжанады», — деп түйіндеді Қайрат Төребаев.
Астықты тасымалдау қарқыны жыл соңына дейін ай сайын 1,2-1,3 млн тонна деңгейінде қалатын болады – ҚР КМ
Биылғы қыркүйек айынан бастап жаңа егістіктен алынған астық дақылдарын темір жол көлігімен белсенді тасымалдау басталды. Көлік министрі Марат Қарабаев қыркүйек айында 1,05 млн тонна астық тасымалданғанын хабарлады, бұл өткен жылмен салыстырғанда төрттен біріне артық. 867 мың тонна экспортқа, 186 мың тонна республика ішінде жіберілді.
Орталық Азия елдерінің дәстүрлі бағыттарында тасымалдардың 28%-ға өсуі байқалады. Ақтау порты арқылы Иранға жөнелтілімдер қайта басталды, қыркүйек айында көлемі 140 мың тоннаны құрады.
Болжам бойынша, қазан айында тасымалдау 1,25 млн тоннаға жетуі мүмкін. Министр жыл соңына дейін ай сайын қарқын 1,2-1,3 млн тонна деңгейінде қалатынына сендірді. Орталық Азияның экспорттық бағыттарында өткізу қуатының резервтері бар.
«Тасымалдауға 11,8 мың бірлік астық тасымалдаушылар, оның ішінде экспортқа жарамды – 6 мың бірлік және ұнтақталған өнімдерді тасымалдау үшін, сондай-ақ ҚХР-ға астық тасымалдау үшін, оның ішінде Азық-түлік корпорациясының экспорттық келісімшарттары бойынша 16 мың жабық вагон тартылды. Локомотивтердің жалпы саны – 1621. Биыл 185 локомотив сатып алынды, оның ішінде 20 маневрлік», — деп атап өтті министр.
Министрлік алаңында тасымалдау процесінде туындайтын жағдайларға жедел ден қоятын арнайы штаб жұмыс істейді.
Олжас Бектенов: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына барлық жағдай жасалған. Ендігі басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін орағының қорытындылары қаралды.
Премьер-министр биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет АӨК-ті қолдаудың ауқымды шараларын қабылдағанын атап өтті. Саланы жеңілдікті қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл қаражат егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені арзандатуға және форвардтық сатып алуға бағытталды. 2025 жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Биыл ауыл шаруашылығы техникасын лизингпен сатып алуға 120 млрд теңге тартылды. Алдағы жылы бұл көрсеткішті 200 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар.
«Диқандар тұқыммен, жеңілдікті отын және тыңайтқыштардың жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілді. Ендігі басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу», — деп атап өтті Премьер-министр.
Олжас Бектенов: Астықты егіс алқаптарынан уақтылы шығаруды қамтамасыз етіп, сақтау мәселесін ерекше назарға алу қажет
Олжас Бектенов Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жиналған астықты шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдауды, оны кептіріп, элеваторларға жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режиміне көшуі керек. Сондай-ақ фитосанитариялық қызмет астық сапасына қатаң бақылау жасауы тиіс.
Биылғы егіннен шамамен 12 млн тонна астық экспорттауды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, өндірілген өнімді дәстүрлі нарықтармен қатар, жаңа нарықтарға да өткізуді қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге үздіксіз тасымалды ұйымдастырып, вагондармен қамтамасыз етудің нақты кестесін бекітуі қажет.