«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, адамзат баласының ортақ қазынасы саналатын білім көкжиегінің ұшы-қиырсыз болғаны дұрыс. Білімді болу – үлкен белестер мен мақсаттардың бастауы. Осы биік шыңға болашақ жастарды алып шығу жолында қаламызда саналы білім мен тағылымды тәрбие беретін оқу ордалары қалыптасқан жолмен жұмыс істеп келеді. Сондай іргелі білім қарашаңырағының бірі – А.Байтұрсынов атындағы №211 орта мектебі.

🇰🇿 Бүгінде Алимова Айжан Шорабекқызы басшылық ететін мектеп оқушылары қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен халықаралық конкурстарда жеңімпаз атанып, талай шығармашылық, зияткерлік және спорттық сайыстарда биіктен көрінуде. Былтырғы оқу жылында ғылыми жоба, олимпиадаларға 50-ден аса оқушы қатысып, жүлделі орындар иеленді. Биылғы оқу жылында ғылыми жобаның өзіне 16 секциясы бойынша 16 оқушы қатысқалы отыр.Осындай нәтижелерге жету үшін мектеп қабырғасында барлық жағдайлар жасалған. Сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін арнайы олимпиада, ғылыми жоба жұмыстарына дайындық жүргізіледі. Сондай-ақ, хор, би, домбыра, шахмат, тоғызқұмалақ, қолөнершілер, робототехника, каратэ үйірмелері бар. Бұл да — «Талаптан да білім мен өнер үйрен, Білімсіз, өнерсіз болады ақыл – тұл» деген Шәкәрім Құдайбердіұлының сөзіне бір дәлел.

 Биылғы жаңа оқу жылында тағы да оң өзгерістер қосылып, «Тіл білімі мектебі», «Іскер Ана», «Тілге бойлау» жобалары өз жұмысын бастады. Бүгін Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов білім саласының өкілдерімен бірге аталмыш оқу ордасының жұмысымен танысты. Айта кетейік, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімін арқалаған білім мекемесі биыл «Тіл білімі мектебі» жобасы аясында «Айтылым әрекеті», «Академиялық жазылым», «Грамматикалық өнер», «Оқу сауаттылығы», «Тыңдалым дағдысы», «Ақыметтану» ғылыми-зерттеу зертханалары мен «ҚазТест» орталығы жұмыс жасайды. Бұл бастама тіл жанашырлары мен оқытушылар, оқушылар және жас ғалымдар үшін мазмұнды білімнің бастауы болмақ.

🇰🇿 Аталмыш жоба аясында бірқатар жұмыстарды тиімді үйлестіру және ілгерілету мақсатында Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының» КММ-нің директоры Дәулетбаева Мартана Қонысбекқызымен іс-шаралар, әдістемелік нұсқаулықтармен қамтамасыз ету, түрлі іс-шараларды ұйымдастыру, «Қазтест» базасымен бірлескен тест түрлерін қалыптастыру, жинақтау бағытындағы жоспарлар талқыланды.

🇰🇿 Сонымен қатар, «Іскер Ана» жобасы қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте қоғамның, елдің, ұлттың тыныс-тіршілігінде үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын сезіндіру, тәрбиелеу бағытында жұмыс істесе, «Тілге бойлау» жобасы негізгі қағидаты балалардың әрқайсысын дамытуға жағдай жасау, тілдік ортаны құру және тиімді пайдалану бағытын қамтиды. «Бір педагог – бір тіл» қағидасы облыс бойынша осы мектепте пилоттық жоба ретінде енгізіліп отыр. Бұл жобаның маңыздылығы – тек қазақ тілін қолдану, аударма жасамау, баланы тілді қолдануға ынталандыру, қызықтыру арқылы мазмұнды кеңейту, тілді үйретуде күнделікті қалыпты жағдайларды қолдану.

🇰🇿 «Қазақ мектебіндегі бала келешекте қай мамандыққа барам десе де, ең алдымен өзінің ана тілін, әдебиетін сүюі шарт. Сол сүюді орта мектеп табалдырығын аттаған соң да, мамандық, білім беретін жоғары мектепке ауысқанда да асыл қасиетіндей сақтауы керек». Бұл – жазушы Мұхтар Әуезовтің қанатты сөзі болса ойшыл, ғұлама Жүсіп Баласағұн «Тілден түйсік те, білім де көрінеді» деп бір ауыз сөзбен қоғамның түйткілін түйіндеген. Ел іргесін бүтіндеп, тілін құрметтеп, ғылымын ұшпаққа шығаратын білімді жастарымызға әрқашан жол ашық.

БӨЛІСУ