Қай заманда болмасын қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуында мектептің рөлі ерекше болған. Кезінде алаш қайраткері Мұстафа Шоқай да «Адаспау үшін, адаса қалғанда дұрыс жолды қайта табу үшін де білім керек», «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім» деп М. Әуезов те бекер айтпаған. Қашанда рухани жан дүниесі бай, ұлттық рухы жоғары ұрпақ қана болашақтың тірегі болатыны белгілі. Қай қоғам болмасын білім сапасы оқушыға, мұғалімге және ата-ананың бақылауына тікелей байланысты болған. Дарынды шәкірт білікті ұстаздан деп бекер айтпайды. 2024 жылы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында да Мемлекет Басшысы экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету, білім беру жүйесіндегі кадр әлеуетін арттыру, мектептерді басқарудың арнайы жүйесін енгізу, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, жаңарту мәселелерін қарастыру керектігін айтып өтті. Сонымен бірге елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы айта келіп, білім беру саласына бөлінген мемлекет қаржысының ашық болуын, сонымен қатар баланы оқыту мен мен тәрбиелеуде тек мемлекет қана емес ата-ана да жауапты екендігін ескертті.

Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп өткен ғасырда айтқан сөзі бүгінде де құнды. Президенттің Жолдауында да «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады» деп бекер айтқан жоқ. Сондықтан білім беру жүйесіндегі жүргізіліп жатқан реформалар нәтижесі де осыны көздейді. Бүгінгі Жолдауда айтылған мектептегі білім сапасы – еліміздегі ұстаздарды дайындайтын педагогикалық оқу орындарына да тікелей қатысты. Соңғы жылдары жоғары оқу орындарында педагогикалық мамандықтарға ҰБТ-ден 75 баллдан жоғары жинаған қабілетті жастар ғана қабылдануда. Бұл саннан сапаға қарай бет бұруды көрсетеді. Сапалы білім беру – ғылымға негізделген бағдарлама бойынша оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз процесі. Президент те бұл бағытта да бірқатар жұмыстардың атқарылып келе жатқанын айтып келе, жоғары оқу орындарына білім сапасын арттыруда әлемдегі үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту, инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру, білім беру саласында цифрландыру, жасанды интелектті оқыту, интернацияландыру жүзеге асыруды нақты міндет ретінде тапсырды. Бүгінде еліміздегі көптеген ЖОО, соның ішінде Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның қара шаңырағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті де әлемдегі үздік білім беру бағдарламаларын оқу үдерісіне енгізуде. Сонымен қатар университет Президент атап өткен интернацияландыру арқылы әлемдік білім беру кеңістігіндегі тең құқылы серіктес ретінде Корея, Қытай, Англия, Түркия, Ресей және басқа да шетелдердегі озық, танымал ЖОО –мен жан-жақты интеграциялау, білім беру сапасын арттыру және кадрларды ғылыми даярлау бойынша жаңа білім бағдарламаларды жүзеге асыруда. Президент Жолдауында айтылған шетелдік 23 жоғары оқу орны бірі – Кореядағы Сеул Ұлттық университеті де Сыр өңіріндегі Қорқыт ата университетінде жұмыс жасауда. Қорыта айтқанда Мемлекет басшысының Жолдауындағы ел дамуына тікелей әсер ететін – тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру сияқты негізгі мәселелер төңірегіндегі атап айтқан маңызды міндеттерді орындау әрбір қазақстандық азаматтың азаматтық парызы деп білуіміз керек.

Тайман Сағат Тамшыбайұлы,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің гуманитарлық-педагогикалық институтының директоры,
облыстық ҚХА Ғылыми-сарапшылық топ мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты

БӨЛІСУ