Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаевтың қатысуымен мерекелік қабылдау өтті. Іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, Халықаралық “Қазақ тілі” ҚБ аудандық филиал төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт және тіл жанашырлары қатысты.
Мерекелік қабылдауда аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев көпшілікті мерекемен құттықтап, тіл – Тәуелсіздік тірегі екенін атады.
– Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деді. Сондықтан осынау атаулы күннің халқымыз үшін мәні мен маңызы зор. Ұлттың басты құндылығы – ана тілі. Әрбір азаматтың санасында тіліне деген құрмет айқын қалыптасуы керек. Қолдану аясы кең тіліміздің қадір-қасиетін арттыру – бәрімізге ортақ міндет. Бүгінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалымен бірлесе отырып, ана тіліміздің мәртебесін арттыруға ауқымды жұмыстар атқарылуда. Барлық мекеме, мектеп, балабақшада арнайы іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Жазушы Ғабит Мүсірепов «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» деген. Сондықтан баршамыз тілімізге тіреу болайық.
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі арта берсін! – деді Талғат Мейрамханұлы.
Іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Халықаралық “Қазақ тілі” ҚБ аудандық филиал төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт пікірлерін білдіріп, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Мерекелік қабылдау қорытындысында бірқатар тіл жанашырлары аудан әкімінің “Алғыс хатымен” марапатталды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі