Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында аудандық педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат және партия филиалының төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің және қоғамдық кеңес төрағалары, әйелдер кеңестерінің төрайымдары, құқық қорғау органдарының, білім саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Тамыз кеңесінде аудан басшысы білім саласына жасалып жатқан қолдауларды атап өтіп, балаға сапалы білім берумен қатар, саналы тәрбие беру мәселесіне де тоқталды.
Тамыз кеңесі барысында аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Мығымбаева, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Әділхан Қанзадаев, №147 орта мектебінің ата-аналар комитетінің төрағасы Серікжан Жүнісбаев, №42 мектеп-лицейдің химия пәнінің мұғалімі Піржан Төлеген сөз сөйлеп, білім саласындағы жетістіктер, жаңа оқу жылына дайындық, құқық бұзушылықтар, бала тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі, білім сапасына қатысты атқарылған жұмыстарды айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Педагогикалық тамыз кеңесінің қорытындысында аудан әкімі Б.Сәрменбаев жас ұрпақты біліммен қамтамасыз етіп жүрген аудан ұстаздарына қажырлы еңбектері үшін шынайы алғыс білдірді. Жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, бірқатар ұстаздарды ҚР Оқу-ағарту Министрінің, облыс және аудан әкімінің, облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы» және «Алғыс хаттарымен» марапаттады.

2023-2024 оқу жылын 442 түлек мектеп бітіріп, олардың 365-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты
(83 пайыз). Орташа балл – 83,2.

Ауданда 3-6 жас аралығында бүлдіршіндер балабақшамен 100 пайыз қамтылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген  «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында биыл аудан орталығында 300 орындық жаңа мектеп құрылысы басталатын болады.

Мектеп құрылысы үшін аудан орталығындағы
45 апатты жағдайда деп танылған тұрғын жайлар орны нақтыланды. Сол арқылы апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесі де тиісті деңгейде шешімін тапты.

Бұдан бөлек, Н.Ілиясов елді мекеніндегі
№132 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде

БӨЛІСУ