Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алып, еліміздің әрбір аймағында, аудан мен ауылдарында тазалық жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асырылуда.

Осыған орай, Түркістан облысының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ел Президентінің игі бастамасын қолдап, киелі жерлерге экологиялық туризм ұйымдастыруда. Экотуризм делегациясы кеше Қармақшы ауданына келіп, киелі Қорқыт ата мемориалдық кешеніне табан тіреді.

Аудан әкімінің орынбасары А. Әнуар, аудандық мәслихат төрағасы Ә. Қошалақов және аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ә. Құлдүйсенов және мемориалдық мұражай директоры Н.Бақтияров кешен басында делегацияға бүкіл түркі жұртының абызы Қорқыт ата жайлы және Қармақшы ауданының тарихы мен даму жолы туралы мәліметтер беріп, пікір алмасты.

Одан кейін БАҚ өкілдері Қорқыт ата рухына құран бағыштап, зиярат жасады. Мемориалдық кешен аумағына санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізіп, абаттандыру шараларын жүзеге асырды. Экологиялық туризм делегациясы әрі қарай Қарабұтақ-Есет батыр кесенесіне жолға шықты.

Бұл шараның негізгі мақсаты – еліміздің табиғи және мәдени мұраларын сақтау, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шараларды қолдау. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар халықтың қолдауымен және белсенді қатысуымен жүзеге асырылуда.

БӨЛІСУ