Аймақтың бас дәрігері Искаков Олжас Ермекұлы денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі еңбек сіңірген, есімі Сыр жұртына етене таныс, бiлiктi хирург, медицина саласының ардагері Фотиади Юрий Кузмичьті мерейтойымен құттықтады. Іс-шараға медицина саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Шара барысында Олжас Ермекұлы Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, мерейтой иесінің халық денсаулығын сақтаудағы ерен еңбегін атап өтіп, ізгі тілегін жеткізді.

Юрий Кузмичь – 1949 жылы Ресей Федерациясы, Краснодор өлкесі, Белореченск қаласында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1973 жылы Қызылорда қалалық ауруханасында жедел жәрдем дәрігері қызметінен бастаған алтын қолды дәрігер денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбек жолдарында аса күрделі хирургиялық оталар жасау барысын жетілдіріп, жаңа емдік тәсілдерді енгізуде сүбелі үлес қосқан. Аймақта жедел және жоспарлы түрде 10 мыңға жуық күрделі оталар жасап, ақ халатты абзал жан ретінде барша қауымның құрметіне бөленген.

Мерейтой иесінің әрдайым өз қызметтік міндеттерін адал, абыроймен атқарып, жас буынға үйретуден жалықпайтындығы, қаншама науқастың дертінен айығып кетуіне қосқан үлесі көпке үлгі.

БӨЛІСУ