Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы бірқатар нысанды аралап, алдымен «Қорқыт ата әуежайына» кіреберіс автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмысымен танысты.
Мердігер «Қыран» ЖШС ұзындығы 13,5 шақырым, ені 14 метрлік жолды бір жылда салып бітіруді жоспарлаған. Төрт қабатты жол жабындысы төселген соң, жарықшамдар мен аялдамалар орнатылады. Құрылыстың сапалы жүргізіліп, мерзімінде пайдалануға берілуін тапсырған аймақ басшысы бұл жолдың халықаралық стандартқа сай жаңарған әуежайға лайықты болуын басты назарда ұстауды ескертті.
Сонымен қатар, облыс әкімі Рәміздер алаңы аумағындағы жол жөндеу барысымен де танысып, барлық талаптың сақталуын тапсырды.
Нұрлыбек Машбекұлы «Жан Арай» ЖШС агроиндустриялық кешенінің жұмысын көрді.
Аталған кешен күріш өндірісімен, күріш жармасын халықаралық стандарттар бойынша өңдеумен, түйіршіктелген жем өндірумен айналысады. Мекеменің жем зауытының қуаттылығы – тәулігіне 80 тонна, күріш өңдеу зауытының қуаттылығы – тәулігіне 150 тонна, 1500 тонналық жеміс сақтау қоймасы, сыйымдылығы 1120 тонна тоңазытқыш бар. Ет өңдеу және жем зауытында 200 адам жұмыс істейді.
Облыс әкімі «Orda Glass Ltd» ЖШС шыны зауытындағы жаңа желінің жұмысымен де танысты. Өткен жылдың шілде айында Қытай Халық Республикасына жасаған іссапары кезінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қытайлық ірі компаниялармен кездесу өткізіп, нақты бастамалар қолға алынған болатын. Өңірде шыны кластерін дамыту үшін зауыт жанынан шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру, жаңа өндірістер ашу маңызды. Осы ретте «Чайна Гласс» холдингі басшылығымен жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі жобасын жүзеге асыру келісіліп, меморандумға қол қойылды.
Осылайша биылғы маусым айында жалпы құны 6,7 млрд. теңгені құрайтын жаңа желі іске қосылды. Энергия үнемдейтін шынының ерекшелігі – суық кезде жылу сақтайды, жазда күн радиациясынан қорғайды және жылуды 20% үнемдейді.
Өнеркәсіп саласының дамуына серпін берген шыны зауыты 2022 жылдың қазан айында шетелдік инвестордың қатысуымен іске қосылған. Қажетті шикізат шетелден, әсіресе Ресейден, Өзбекстаннан тасымалдануда. Зауыт іске қосылғалы бері 27,3 млрд. теңгенің 20,8 млн. шаршы метр шыны өндірді. Өнімнің 70%-ы ішкі нарыққа, 30%-ы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузияға және Ресейге экспортқа жіберіледі. Қазір зауытта 400-ге жуық адам жұмыс жасауда.
Әрі қарай өңір басшысы жылу-электр орталықтағының құрылыс алаңына барды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының оңтүстік өңірлерде электр энергиясы тапшылығын болдырмау тапсырмасына және қолданыстағы орталықтың тозығы жетуіне байланысты түрік инвесторымен бірлесіп, құны 215 млрд теңге болатын жаңа жылу орталығының құрылысы басталғаны белгілі, ол 2025 жылы іске қосылады. Шетелдік инвестиция есебінен салынатын жаңа ЖЭО 240МВт электр қуатын өндіре алады. Жаңа нысан қазіргі Қызылорда жылу-электр орталығы аумағындағы 24,5 гектар жер учаскесінде салынуда. Бүгінде инвестор «AKSA Energy» түрік компаниясы құрылысқа 70 млрд. теңгеден астам инвестиция салды. Негізгі қондырғыларды дайындау үшін шетелдік компанияларға тапсырыс берілген. Құрылғылар шілде айынан бастап Швейцария, Чехия, Италия, Түркиядан құрылыс алаңына жеткізіледі. Жоба жүзеге асырылғанда Қызылорда облысы электр энергиясымен, Қызылорда қаласы жылу энергиясы және ыстық сумен толық қамтылатын болады.
Аймақ басшысы құрылыстың сапалы болуы аса маңызды екенін айтып, сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.