Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты, өңір тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады, сондай-ақ Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Жұмыс сапары аясында вице-министр балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысты, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығына барды.
Өңір тұрғындарымен кездесу барысында Назгүл Сағындықова зейнетақы төлемдерін ұлғайту, әлеуметтік көмек пен қолдау жүйесін қайта қарау, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, жаңа әлеуметтік саясаттың іске асырылуы туралы хабардар етті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылы ең төмен базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 54%-дан 60%-ға дейін, 2024 жылы – 65%-ға дейін, ал ең жоғары – 100%-дан 105%-ға дейін ұлғайтылды.
«Ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілді. Қызылорда облысында зейнетақының жиынтық орташа мөлшері 155,8 мың теңгені құрады.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақылардың өсуі 9%-ды (инфляция деңгейінен 2% – ға озып) құрады. Сондай-ақ, ең төмен күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері ұлғайтылды. Жалпы республика бойынша зейнетақы төлемдеріне 2023 жылы 3 трлн 300 млрд теңге бағытталды, 2024 жылы 3 трлн 785 млрд теңге бағыттау жоспарлануда», – деді Сағындықова.
Сондай-ақ, вице-министр әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту туралы айтты. Атап айтқанда, өткен жылы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 8,5%-ға индекстелді. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды, «Алтын алқа» алқасымен, «Батыр ана» атағы бар I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4-тен 7,4 АЕК-ке дейін, сондай-ақ мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдарға ол кәмелетке толғанға дейін төленетін жәрдемақы мөлшері 1,4-тен 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейін ұлғайтылды.
Сонымен бірге вице-министр Отбасының цифрлық картасы мен мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен жаңа интеграцияларды пайдалана отырып, атаулы әлеуметтік көмектің (бұдан әрі – АӘК) алдағы трансформациясы туралы айтты.
«Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп АӘК тағайындауға үміткер қазақстандықтардың негізгі шығыстарын есепке алу және верификациялау тетігі пысықталуда. Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға, оқу ақысы мен қосымша білім алуға, демалыс пен ойын-сауыққа, сауықтыруға, жиһаз, тұрмыстық техника заттарын сатып алуға, кредиттерді өтеуге және т.б. сияқты негізгі шығыстардың түрлерін қарастыру жоспарлануда.
Ұсынылып отырған алгоритм АӘК тағайындауға өтініш берген азаматтарға олардың кірістері мен шығыстарын тексеруге келісім алуға SMS-хабарлама жіберуді көздейді. Бұл банктік құпияны ашу және үшінші тұлғалардың ақпаратқа қол жеткізуіне қатысты емес. Тексерулер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен автоматты түрде жүргізілетін болады. Бұл шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтауға және оларға мемлекет тарапынан мақсатты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – деді Назгүл Сағындықова.
Сондай-ақ, вице-министр мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға әлеуметтік кірігуі бойынша қабылданып жатқан шаралар кешені туралы хабардар етті.
2024 жылы бірнеше негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізілуде, олардың ішінде: нысаналы индикаторлары бар ҚР инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау, арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі – АӘҚ) көрсету жүйесін трансформациялау, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметін цифрландыру, техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің кейбір түрлерін монетизациялау.
«Инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау әрбір азамат дамудың жеке ерекшеліктеріне қарамастан лайықты өмір сүруге және өзінің әлеуетін іске асыруға мүмкіндігі бар қоғам құруға мүмкіндік береді. АӘҚ беру жүйесін трансформациялау азаматтарымыздың қажеттіліктерін ескере отырып, неғұрлым тиімді және сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Назгүл Сағындықова.
Ол сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында 2023 жылы жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік инфрақұрылымның 4 926 объектісін бейімдеу бойынша іс-шаралар жүргізгенін, оның ішінде Қызылорда облысында 366 объектіде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін бейімдеу жүргізілгенін атап өтті.
Сонымен қатар вице-министр өңір тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары туралы да хабардар етті. Осы жылдың басынан бастап Қызылорда облысында 17,9 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде 1 556 грант және жастар үшін жылдық 2,5%-бен 5 млн теңгеге дейін 400 жеңілдетілген микрокредит беру жоспарлануда.