Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет аудан орталығындағы теміржол мекемелерінің жұмысымен танысты.

Алдымен ауданның бас қақпасы саналатын – Қазалы теміржол вокзалына барды. Вокзал бастығының міндетін атқарушы Жұбатыр Әбдіров ғасырдан астам тарихы бар ғаимараттың бүгінгі жұмысымен таныстырды. Аудан әкімі ең әуелі вокзал аумағында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың сыртқы келбеті мен санитарлық-тазалығын қатаң сынға алып, тиісті сала басшыларына кемшіліктерді дереу қалпына келтіру жұмыстарын тапсырды.
Сонымен қатар күніне 600-ге жуық жолаушы тұрақтайтын бұл орынның басты тазалығы – ауданның айнасы екенін жеткізді.

Мұнан соң аудан әкімі Нұрлан Алмағамбетов басшылық жасайтын Қазалы локомотив жөндеу зауыты мен Талғат Әліпбаев басқаратын Қазалы вагон жөндеу депосының және Қазалы электрмен жабдықтау дистанциясының жұмысымен танысты.

Шойын жол бойындағы ұжымдардың бүгінде қол жеткізген табыстары көз қуантарлық. Республиканың әр аймағынан алынған тапсырыстар уақытылы орындалып, қызметкерлер жемісті еңбек етуде. Бұл жөнінде теміржол мекемелерінің басшылары егжей-тегжейлі айтып берді. Бір айта кететіні Қазалы локомотив жөндеу зауыты 1905 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан «ТЭМ-2» тепловоздарына күрделі жөндеу жасайтын және күшейтілген техникалық қызмет көрсететін еліміздегі жалғыз ірі өндіріс ошағы.

Теміржол мекемелерінен кейін аудан әкімі Қазалы темірбетон бұйымдарын шығару зауытына да барды. Бүгінде зауытта темір жолға, көпір құрылысына қажетті темірбетон балкалары, құбырлар, жоғары кернеулі желіге арналған бағаналар, сондай-ақ көпқабатты үйлер құрылысына қажетті темірбетон бұйымдарының 60-тан астам түрі өндіріледі. Бұл жөнінде зауыт басшысы Сәбит Өтегенов аудан басшысына баяндап, зауыттың бүгінгі жұмысымен таныстырды. Бүгінгі таңда зауыт ауданымыздан бөлек басқа да облыстардағы құрылыс нысандарын бетонмен қамтамасыз етуде.

БӨЛІСУ