180 мыңнан астам мектеп түлегі елімізді көгалдандыруға атсалысты.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде «Түлектердің ағаш егуі» эко-челленджі өтті. Оқу-ағарту министрі елордалық №82 мамандандырылған «Дарын» мектеп-лицейінің оқушыларымен бірге «Түлектердің ағаш егуі» эко-челленджіне қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Қазақстанның барлық білім беру ұйымдарында «Ынтымақ айы» айлығы жарияланды, оның аясында «Таза Қазақстан», «Игі істер», «Каникулда кітап оқиық» және басқа да бірқатар республикалық акциялар ұйымдастырылады. Бұл бастама өскелең ұрпақты қайырымды істерге баулуға, олардың бойында қоршаған ортаға деген қамқорлық пен экологиялық мәдениеттілік қалыптастыруға бағытталған.

 Министр оқушыларға елімізді көгалдандыру мен абаттандырудың қаншалықты маңызды екенін айтты.

«Экологиялық мәдениет өз үйіңнің, ауланың, көшенің, мектеп пен туған қалаңның тазалығын сақтаудан басталады. Біз туған жерімізге қамқорлық танытуымыз керек. Бүгін сіздер отырғызған жас көшет, ертеңгі күні осы мектептің оқушыларымен бірге жайқалып өсетін болады. Алайда, ол үшін көшеттерге қамқорлықпен күтім жасау керек. Осылайша біз кейінгі ұрпаққа өзіміз туралы естелік қалдырамыз», – деді Ғани Бейсембаев.

Ағаш отырғызу эко-челленджі дәстүрлі шараға айналды, биыл екінші жыл ол барлық білім беру ұйымдарында үзбей өткізіліп келеді. Оған ата-аналар, педагогикалық қауымдастық, депутаттар, қоғам қайраткерлері де атсалысуда.

Осы жылы бұл шараға 9-11 сыныптардан 180 мыңнан астам оқушы қатысты. Барлығы 50 мыңнан астам жас көшет пен гүл отырғызылды. Осыдан бір апта бұрын алматылық оқушылар министрмен бірге өз қалаларында төрт жүзден астам жеміс ағаштарын отырғызған болатын.

БӨЛІСУ