Погондағы қызметкерлер бейбіт азаматтардың тыныштығын қорғайды.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың бұйрығына сәйкес, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Қызылорда қаласы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметінің бөлімшесінің патрульдік полиция взвод командирі полиция капитаны Әбдіманапұлы Бақберген және полиция аға лейтенанты Есенбай Бақытжан, полиция лейтенанты Бердіханов Әлішер марапат биігінен көрінді.
Айта кетелік, патрульдік полиция бекет қызметкерлері аймақтың тыныштығын қамтамасыз ету кезінде 2023 жылдың 13 желтоқсан күні кешкілік уақыт 22:00 шамасында Шұғыла мөлтек ауданының көпқабатты пәтерлерінің бірінде қылтимасынан өрт шығып жатқандығын байқаған.
Дереу оперативтілік танытқан, басқарма қызметкерлері пәтерге дер уақытында жетіп, өрт шыққан пәтерден ұйықтап қалған адамды аман-есен алып шыққан. Тәртіп сақшысы тілсіз жаудың ортасынан 3 қала тұрғынын өрттен құтқарып қалды. Полицейлер өрт сөндіру қызметі мен жедел-жәрдем шақыртып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Айтулы мерекелер қарсаңында патрульдік полицейлер барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтады: «Менің ойымша, полицей мамандығы – ең қажетті мамандық, өйткені погондағы қызметкерлер бейбіт азаматтардың тыныштығын қорғайды. Олардың жұмысы адамдарға көмектесетін дәрігердің немесе мұғалімнің жұмысы сияқты сұранысқа ие: дәрігерлер емдейді, мұғалімдер білім береді, ал полиция құтқарады. Қызмет борышы бойынша біз полиция қызметкерлері өзіміз туралы соңғы кезекте ойлануға міндеттіміз. Өйткені, адамдардың қауіпсіздігі, қоғамдық тыныштық пен тәртіп басымдыққа ие.
Қадірлі әріптестер, ұлы жорықтарда баһәдүр бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр жерімізді білегінің күші, найзасының ұшымен жаудан қорғап, бізге аманаттап қалдырды. Сол бабаларымыздың батырлық үрдісін үлгі тұту, Отанымызға адал әрі қалтықсыз қызмет ету – баршамыздың қасиетті борышымыз»,-дейді Бақберген Әбдіманапұлы