9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай қазалылықтар «Тағзым» алаңына гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.
Аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағында өткен шара басталмас бұрын аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов бастаған барша ел ағалары мен аудан тұрғындары сұрапыл соғыста қаза болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, құран бағыштады.
Мұнан соң аудан әкімі жиынға қатысушылар мен аудан тұрғындарын Ұлы Жеңістің 79 жылдығымен құттықтады.
– Бұл күн – тарихта туған жердің бостандығы мен келешек ұрпақтың бақытты болашағы жолында ерлікпен күресудің жарқын белгісі ретінде алтын әріптермен жазулы. Ортақ Отанды қорғау үшін біздің ауданымыздан 11 мыңға жуық азамат майданға аттанып, 6 мыңнан астамы ғана аман-есен отбасына оралды.
Бүгінгі ұрпақ аталарымыз жасаған ерлікті әрқашан қастерлеп жадында сақтайды, ешқашан ұмытпайды. Ұлы Жеңiс күнiнде баршаңызға ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға бақ-береке тiлеймiн, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов пен Ауған соғысының ардагері, генерал-майор, жерлесіміз Әлімжан Ерниязов сөз сөйлеп, мерекеге орай ізгі лебізін жеткізді.
Шара барысында аудандағы құқық қорғау салаларында қалтқысыз қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтарға мерекеге орай аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.