Сыр өңіріне арнайы сапармен келген Еуроодаққа мүше 19 мемлекеттің елшілері ауданда болды.

Мәртебелі меймандар алдымен теңізді өлкенің төл кәсібі – балық шаруашылығы туралы қойылымды тамашалады. Арнайы ұйымдастырылған этноауыл арқылы Арал өңірінің тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнан соң Ә.Нұрпейісов атындағы Әдебиет үйіне бас сұғып, теңіз тағдырына алаңдаушылық білдірген қайраткердің өмірімен және шығармашылығымен таныс болды. Сондай-ақ, балықшылар мұражайында болып, балық кәсіпшілігіне қатысты тарихи деректерге қанықты. Мұнда 1700 ден аса құнды жәдігер бар. Келушілер мұражайдың «Балықшылар» және «Кемелер» деп аталатын екі бөлімімен танысып, тағдырлы теңіздің терең тарихына үңілді. Мұнымен қоса, балық өңдеу зауытында болып, теңіз маржандарын өңдеу жұмыстарына куә болды.

Қазіргі таңда теңіз табанынан көтерілген шаң мен улы тұз климаттық белдеулердің түрлі өзгерістеріне әсер етіп, әлемді әбігерге салуда. Бұл кезге дейін айтылып келе жатқан теңіз ұлтанына сексеуіл егу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Облыс әкімінің орынбасары А. Зебешов: -«Бұл қонақтар Арал теңізі және Кіші Арал теңізін климаттақ, экологиялық жағынан қарап, оған қандай көмек көрсетуге болатындығын білуге келіп отыр. Мәселен, тағы бір шетелдік компания келді. Олар құмды алқапқа қандай өсімдік түрлерін егіп, құм көшкіні бар аймақтарды экономикалық үдеріске енгізу арқылы одан қаржы жасауды көздейді. Осы бағыттағы жұмыстарды Еуроодақтың елшілерімен бірге әрі қарай жандандырмақ ниеттеміз, – деді.

Одақтас елдің елшілері Кіші Аралға дем беретін «Көкарал» бөгетіне барып, теңіздің қазіргі жағдайымен танысты. Артынша Арал теңізінің құрғаған ұлтанына табан тіреп, сексеуіл егу жұмыстарын көрді. Биыл көктем басталғалы 276 гектар жерге сексеуіл егу жұмыстары жоспарланған. Бұл маусымда 76 гектарына сексеуіл орналастырылса, қалғаны күз мезгілінде тұқым тастау тәсілімен егілетін болады.

БӨЛІСУ