Бүгін 20-шы наурызда Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің бірінші отырысы өтті.
Отырыстың модераторы – Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Нұрмұрат Ерманов болды. Іс-шараға облыстық, қалалық, аудандық Ақсақалдар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.
Кеңес отырысында өңір мектептеріндегі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жалпы тамақтандыруды ұйымдастыру маңызды мәселесі қаралды.
«Соңғы жылдары еліміздің орта білім беретін ұйымдарында білім мен тәрбиенің сапасымен қоса оқушылардың оқу процессіндегі қауіпсіздігі, оның ішінде тамақтану мәселесі аса назарда екені белгілі. Оған, ақпарат құралдарынан белгілі болғандай, мектеп ішіндегі құрылыс сапасынан оқушылардың жапа шегуі, мектеп алдындағы жол өткелдердің қауіпті болуы, жылу науқанының дұрыс ұйымдастырылмауы, тамақтан улану және осындай көптеген мәселелер себеп болды. Әрине, бүгінгі оқушы – бала еліміздің келешектегі азаматы болғандықтан, бұл мәселеге бей-жай қарамай, олқылықтарды шешуге барша қоғам мүшелері міндетті болуы тиіс», – деді Н. Наятұлы.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша бірінші облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бектұр Қали өз есебін беріп өтті. «Тамақтандырудың сапасына бақылау ай сайын жүргізілуде. Жеткізілетін тамақ өнімдерінің сапасына, тағамдарды дайындау технологиясына, өнімдердің және дайын тағамдардың сақтау мерзімдері мен жағдайларының сақталуына және т.б. мониторинг жасалады. Тағамдар сапалары туралы құжаттарымен беріліп, дайындау технологиясымен сәйкес дайындалып отыр. Мектеп оқушылары арасында санитариялық ағарту жұмыстарын үздіксіз жүргізу де бақылауда. Сапалы тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша мектеп әкімшілігі және көрсететін қызмет көрсетушіге қойылатын талаптар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мектептерде буфеттерде газды сусындар, чипсылар, тез бұзылатын тағамдарды, т.б. өнімдерді сатуға тыйым салынған»,-дей келе мектеп оқушыларының отбасылық–тұрмыстық және жеке басына қатысты зорлық-зомбылықтан қорғау, олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ету бағытындағы атқарылған жұмыстарды атап өтті.
Мұнан соң Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев сөз сөйледі.
«Қызылорда облысының санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалар бақылауында 317 жалпы білім беретін мектеп бар, оның 29 жеке мектептер. Облыста 282 мемлекеттік мектеп жанында жалға берілген асханалар жұмыс жасайды, ал 8 мектепте буфеттік тамақ ұйымдастырылған. Облыстағы жалпы 290 мемлекеттік мектеп асхана, буфетін 74 жеке кәсіпкер жалға алып жұмыс жасауда. Мектеп асханаларына зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында біршама санитариялық қағидалар талаптарының сақталмауы орын алды, заң бұзушылықтар бойынша шұғыл түрде оны жою мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ұсыныстар берілді», – деп білім ошақтарындағы тамақтану бойынша біршама заң бұзушылықтарды тізіп шықты.
«Көріп отырғанымыздай, мектептің ішінде де түрлі жағдай болады. Қауіпсіздік мәселесін тағы да қарастырып, барлық оқу орнын тексерген жөн. Бейнекамераларды көбейтіп, мектептердің кіреберісін бақылауды күшейту қажет. Елімізде көп жағдайда жағымсыз оқиғадан кейін ғана сол салада сең қозғалатыны жасырын емес. Әр шаңырақта кем дегенде бір-екі оқушы бар, олар – еліміздің болашағы. Сол себепті, оқушылар өмірінің қауіпсіздігіне жалғыз ата-ана ғана емес, мемлекет те мүдделі болуға тиіс. Балалар – біз үшін ең қымбат және олардың қауіпсіз болуына бар жағдайдың жасалуы маңызды. Энергетикалық, газдалған сусындар мен фаст фудтарға мүлдем тиым салу қажет. Осы сусын мен тағамдардың кесірінен балалар астма, бронхы, ауруына жиі шалдығып жатыр. Өкінішке орай, көп ата-аналар бұны аллергиямен шатастырып жүр. Тамақтану режимінің бұзылуы, мектепте, мектеп жанындағы дүкендерде зиянды өнімдерді тұтыну оқушылардың арасында асқазан-ішек ауруларының таралуының артуына айтарлықтай үлес қосуда»-, деп мектептегі қауіпсіздік, тамақтану мәселесіне орай кеңес мүшелері көптеген пікір, ұсыныстарын ортаға салды.
Кеңес отырысын қорытындылай келе, баяндамашылардың берген ақпараттары бойынша тиісті орындарға ресми түрде ұсынымдар жолданып және тұрақты бақылауда болады.