Қызылорда облысының қалдықтарды өңдеу тәжірибесі басқа өңірлерге үлгі.

Қызылорда облысының қалдықтарды өңдеу тәжірибесі басқа өңірлерге таратылады. Бұл жөнінде сейсенбіде өткен Үкімет отырысында айтылған болатын.

Облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен 18 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Былтыр 166 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтың 45,7 мың тоннасы немесе 27,5%-ы өңделді. Облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 700 млн теңгеге қалдықтарды жинау, тасымалдау жұмыстарын атқаратын 49 арнайы техника алынды.

«Мемлекет басшысының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда құны 36 млрд. 400 млн теңгені құрайтын 9 жобаны іске асырылады. Аталған жобалар аясында өңірдің барлық аудандары мен Қызылорда қаласы толық қамтылады. Бүгінде инвесторлар анықталған. Айта кетсек, қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласындағы 8 жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржыландыру механизмі арқылы іске асырылады, 1 жобаға облыстық бюджеттен 475 млн теңге қаралған», — деп атап өтті облыс әкімдігінен.
Жобалар толық жүзеге асқанда 498 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жылына 380 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық сұрыптау және қайта өңдеуден өтеді. Одан құрылысқа қажетті брусчатка, кәріз люктері, қағаз, пластик және шыны шығарылмақ.

«Қазір Қызылорда қаласында құны 33 млрд. теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Оның бірі — қолданыстағы полигонды жаңғырту жобасы. Қалдықтарды ұсақтау және өртеу қондырғылары, 32 арнайы техника (мусоровоз, экскаватор, жүк тиегіш, жүк тасымалдаушы, өрт сөндіру, суару автокөліктері), 3 мың евроконтейнер алынып, медициналық және құрылыс қалдықтары кәдеге жаратылады. Осылайша полигонның қалдық қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 210 мың тоннаға ұлғаяды», — деп толықтырды облыс әкімдігінен.
Бұдан бөлек, шыны ыдыстар өндіруде 1 жоба іске асырылады. Жоба құны — 29 млрд. теңге. Қуаттылығы — жылына 220 млн шыны ыдыс. Зауытқа шикізат ретінде жиналған шыны қалдықтары қолданылады.

БӨЛІСУ