Сыр өңірі күрішті өлкенің бірі. Сол себепті де ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыру күн тәртібінен еш түскен емес. Ел экономикасының дамуы осы саламен тікелей байланысты.

Бүгін партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың қатысуымен партияның облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл жөніндегі кеңестің бірлескен отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, ауылшаруашылығы саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды және осы бағытта өңірде атқарылып жатқан жұмыстар бойынша жауапты басқарма басшылары хабарлама жасады.

Егіс алқаптарындағы өнімді төкпей-шашпай түгелдей жинап алу үшін басты мақсат – ауыл шаруашылығы техникасын жаңартып отыру керек. Қазір көпшілік шаруалар қол күші емес, озық технология жетістіктеріне жиі жүгінеді. Осы орайда Мемлекет басшысы шаруалардың мүддесін ескере отырып жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасын 8-10 пайызға жаңартып отыру қажеттігін айтты. Өңірде бұл жұмыстар қалай жүріп жатыр?. Ауыл шарушылығы техникалары жеткілікті ме? Ауыл шаруашылығын субсидиялауда қандай проблемма бар?. Сауалдарға облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев жауап берді.

Басқарма басшысының айтуынша мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өткен жылы ауыл шаруашылығында 220,9 млн теңгенің өнімі өндірілген. Сала қорына 12,2 млн теңге инвестиция салынып, 2022 жылмен салыстырғанда 19,7 –ға артқан. 2023 жылы ауыл шаруашылығын субсидиялауға 13,7 млрд теңге қаржы бөлініп, өсімдік шаруашылығы, мал шарушылығын дамытуға, инвестициялық субсидия мен сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға жұмсалған. Бұл жұмыстар субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы шаруашылықтар үшін ашық, айқын және тегін автоматты түрде жүргізіліп, оларды бөлу, беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алмаған. Бұл жүйе арқылы 4848 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік қызметтер көрсетіліп, субсидия төленген. Техника мәселесіне келсек, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыстағы шаруашылық құрылымдарының меншігінде 6600 дана ауыл шаруашылығы техникалары бар.

«Өткен жылы ауыл шаруашылық құрылымдармен құны 9,3 млрд теңгені құрайтын 253 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, машина-трактор паркі 4,5%-ға жаңғыртылды. Қолда бар техникалар әлеуеті көктемгі дала жұмыстарын атқаруға жеткілікті және көктемгі егін егу және дала жұмыстарына 13,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны да бөлініп отыр. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қажетті жоғары репродукциялы тұқыммен толық қамтамасыз етілген.»,- дейді басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.

Дегенмен жиын барысында шаруа және фермер қожалықтары төрағаларының көкейінде жүрген мәселелер көтеріліп, тиісті ұсыныстар берілді. Басты мәселе осы салаға бөлінген субсидияларды рәсімдеу барысынан туындауда. «Бұл жүйенің техникалық кемшіліктермен байланысты. Аталған жүйеде төлем қалыптастыру және электронды шот – фактураны блоктан алу барысында туындайды»,- деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыстық департаменті, превенция басқармасы басшысының орынбасары Олжас Мырзағалиев.

Отырыста суармалы егіс алқаптарына су жетікізіп беру мәселесі де көтеріліп, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша «Қазсушар»РМК Қызылорда облыстық филиалының басшысы жауап берді.

Айтылған ұсыныстар хаттамаланып, партиялық бақылауға алынды. Алдағы уақытта тиісті органдармен олардың шешілуіне жұмыс жасалатын болады.

БӨЛІСУ