Қазалы ауданының «Екінші Түркістан» аталып кетуі бекерден-бекер емес. Себебі, қазалылықтар кез келген істің көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп келеді. Соның дәлелі болса керек, өткен жылдың басынан бері ауданда 29 кәсіпкерлік нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға беріліп, 46 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал, биылғы жылы тағы 20-ға жуық нысан өз жұмысын бастайды деп жоспарлап отырмыз.

Былтырғы жылы өнеркәсіп саласында 21,8 млрд. теңге өнім өндіріліп, 100,2 пайызды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібі бойынша есепті кезеңде көлемі – 19,5 млрд. теңге, яғни, 101,4 пайыз өсім қалыптасты.

Шағын және орта кәсіпкерлік саласында аудан бойынша тіркелген кәсіпкерлер саны – 5 912 бірлік десек, оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны 5 706 бірлік, белсенділік көрсеткіші 96,4 процентке жетті.

2023 жылы аудан кәсіпкерлері тарапынан 16,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 2,8 пайызға көбейіп, 10265 адамды құрады.

Ал, бөлшек сауда айналымы – 13 млрд. 35,7 млн. теңге. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 107,0 пайыз болса, 2023 жылы аудан кәсіпкерлерінің жалпы құны – 5 295,0 млн. теңгені құрайтын 559 жобасы қаржыландырылды.

Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі – 24 млрд. 971,1 теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 101,5 пайызға жетті. Аудан бойынша барлығы былтырғы жылы 17 377 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналасты. (меже 17 612 га, 98,4 %). Оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 6 450 гектар құрайды.

Дәнді дақылдар 6876 га, майлы дақылдар 65 га, картоп, көкөніс, бақша 2380 га, мал азықтық дақылдар 8 056 га. Сырдария өзенінде қалыптасқан су тапшылығына байланысты биік жерлерге орналасқан күріш егісінің көлемін 543 гектарға қысқартып, әртараптандыру бағытындағы дақылдарын егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән берілді. Су тапшылығының алдын алу үшін өткен жылы Басықара, Құмжиек, Майлыбас ауылдарына 3 дана көтерме насос сатып алынып, коллекторлар жөндеуден өткізілді.

Есепті кезеңде ауданнан 6 шет мемлекетке (Ресей, Белоруссия, Дания, Германия, Қытай, Нидерланды) 1030 тонна күріш, 1030 тонна балық өнімі және 1267 тонна қамыс экспортталды. Мал шаруашылығына келсек, төрт түліктің барлық түрінде өсім бар. Қазір аудандағы мал басының басым бөлігі, яғни 65,7 пайызы жеке тұлғаларда, 2,3 пайызы ауылшаруашылық кәсіпорындарында, 32,0 пайызы шаруа қожалықтарының үлесінде. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында қаржы ұйымдары тарапынан жергілікті шаруа қожалықтардың жалпы құны 246,3 млн. теңгені құрайтын 29 жобасы қаржыландырылды.

Ауданның инженерлік-инфрақұрылымын дамыту мәселесі басты назарда. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. Тұрғын үй кезектілігін азайту мақсатында былтыр Ғ.Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылған аймақта салынатын тұрғын үйлерді ауыз су, газ және электрменжабдықтау үшін 310,483 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүрді. Сонымен қатар Әйтеке би кентіндегі көлемі 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісін жүргізуге 109,4 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталу үстінде. Өткен жылы аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі 4 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, биыл аудандық бюджеттен тағы 3 тұрғын үй жөнделді. Демеушілік есебінен 5 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің шатыры жабылды. Сондай-ақ, осы жылы Әйтеке би кентінің вокзал маңы және Жеңіс саябағын абаттандырудың жоба сметалық құжаттарын қолға алу жұмыстары басталып кетті.

Жергілікті бюджеттен бөлінген 32,1 млн. теңгеге аудан орталығы – Әйтеке би кентінен көлемі 600 гектар жер учаскесінен салынатын тұрғын үйлерді (электр және ауыз сумен жабдықтау) инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы әзірленіп, тиісті орталық атқарушы органдарға қаржыландыруға ұсынылды. Бұдан бөлек, Абай, Бозкөл, Жанкент, Жалаңтөс батыр ауылдарын электрмен жабдықтау, Қазалы қаласындағы 180 гектар жер учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісінің құрылысы тиісті орындарға жіберілді. Сонымен қатар Шәкен, Шилі, Шитүбек және Сарыбұлақ елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау үшін де тиісті қаржылар бөлініп, жобалары әзірленді. Ал 2024 жылы Ажар,Жұбан, Бірлік елді мекендерінде су тұшыту қондырғысын сатып алып, орнату жұмыстары бар. Өткен жылы аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 73 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткішті әрі қарай төмендету жоспарлануда. 2023 жылы Әйтеке би кентінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын бастауға Ұлттық қор есебінен 187,7 млн тг бөлініп, жоспарланған жұмыстар толық атқарылды.Мұндай жұмыстар 2024 жылы да жалғасын таппақ. Мәселен, Қазалы қаласы, Әйтеке би кенті мен Қожабақы және Байқожа ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын қаржыландыру жобалары қолдау тапты. Қазіргі таңда Байқожа топтық су құбырының жұмысы жүріп жатыр. Жоба жұмысы толық аяқталатын болса 62 шақырым магистральдық су құбыры жүргізіліп, Әйтеке би кентіне тәулігіне 4500 текше метр ауыз су жеткізіліп, су тапшылығы мәселесі оң шешімін табатын болады. Сонымен қатар, магистральдық құбыр бойында орналасқан 8 елді мекен, яғни, Ақсуат, Майлыбас, Қызыләскер, Көбек, Ойынды, Алтай, Байқожа, Еңбекшіқазақ ауылдары сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

БӨЛІСУ