Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаев ІV тоқсандағы есепті кездесулерін Іңкәрдария және Ақжарма ауылдарында өткізді.
Халықпен кездесуде аудан басшысы аймақты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы негізінде, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен өңірде қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Биыл облыста көптеген нысандардың іргетасы қаланып, пайдалануға берілуде. “Анаға тағзым” орталығы, Неке сарайы ел игілігіне берілді. «Қорқыт ата» әуежайы, “Өнер” орталығы, жаңа автовокзал, жаңа жылу электр орталығы, “Жайлы мектеп” Ұлттық жобасы аясында білім ошақтары салынуда. Күні кеше ғана Оқушылар сарайының іргетасы қаланды. Бұдан өзге де әлеуметтік нысандар салынып, өңірде халықты баспанамен қамту жүйелі жүзеге асуда.
Облыс әкімінің қолдауымен ауданда да биыл нақты жұмыстар атқарылуда. Н.Ілиясов ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салынса, Іңкәрдария, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттер күрделі жөндеуден өтті. Ауыз су жүйесін, электр желілерін жаңарту бағытында жоспарлаған жұмыстарымыз атқарылды. Алдағы жылға да ауқымды жоспарларымыз бар, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Кездесуде іңкәрдариялықтар аяқ су, білімге қатысты ұсыныстарын айтты. Аудан басшысы тиісті жұмыстарды атқаруға бөлім басшыларына тапсырма берді. Ал Ақжарма ауылының халқы балаларға арналған ойын алаңын салу жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл демеушілік есебінен іске асатын болады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі