Бүгін Арал ауданында алғаш рет Арал тауар өндірушілерінің көрмесі өтті. Оған жергілікті 40-тан аса кәсіпкер қатысып, өз өнімдерін сөреге қойды.
Биылғы жылы Арал ауданындағы кәсіпкерлік саласының қанаты кеңге жайылды. Өз ісін бастаймын деген жандарға мемлекет тарапынан түрлі қолдулар жүзеге асуда. Соның нәтижесінде аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6325 бірлікке жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 8,9 пайызға артқан. Жыл көлемінде мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 3 миллиард теңгеден аса қаржыға 172 жобасы несиелендірілген.
Бүгінгі өткен көрмеге кәсібін жаңадан бастаған және өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып үлгірген кәсіпкерлер қатысты.
«Бүгінде біздің ауданда да кәсібін бастаймын деген азаматтарға мүмкіндіктер толығымен қарастырылған. Оған дәлел, 2023 жылғы наурыз айында жаңадан кәсіп бастағысы келетін және кәсібін кеңейтуге ниетті азаматтарға 2,5 пайызбен несие беріле бастады. Мұнымен қоса, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 1 миллион 380 мың теңге құрайтын қайтарымсыз грант, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында
5 млн. теңгеге дейінгі грант алу байқауы сынды қолдаулар өз жалғасын тауып келеді. Бүгін, міне осындағы бірсыпыра азаматтар аталған қолдаулардың көмегімен өз кәсібін дөңгелетуде. Бүгінгі көрме жұмысы өз нәтижесін беріп, Сіздердің жаңа идеяларыңыз бен жобаларыңыз өңіріміздің дамуына өз септігін тигізеді деген сенімдемін»- деп аудан әкімі Серік Сермағамбетов өзінің ізгі лебізін білдірді.
Айта кетейік, өткен жылдың соңында Арал ауданында «Кәсіпкерлер үйі» бой көтерген болатын. Бір терезе қағидатында жұмыс жасап жатқан орталықта өз істерін бастаған және болашақ кәсіпкерлер үшін барлық қолайлы жағдай қалыптастырылған. Сондай-ақ барлық азаматтарға тегін кеңес беру, құжаттарды сүйемелдеу жұмыстары да жүргізіліп келеді.