Аймақта алдағы жылу беру маусымына тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар мен әлеуметтік сала нысандарының дайындығы бекітілген кестеге сәйкес жүргізілді. Жоспарланған жұмыстар толығымен уақыттында орындалды. Бүгінгі күні де кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеуде. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық энергитика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы Болатбек Ысмағұлов мәлімдеді.
-Осы жылы Қызылорда жылу электр орталығының 2 газотурбиналық қондырғысы мен 1 су қазандығына күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, кәсіпорынның өз қаржысы есебінен 9 бу қазандығы мен 1 бу турбинасына және 18 автономды қазандықтарға жөндеу жұмыстары 100 пайызға орындалды. Облыс бойынша жылу желілерінің ұзындығы 208 шақырым желілердің тозуы 47,5% құрайды, – деді Болатбек Әбдулхайысұлы.
Бұған қоса, республикалық бюджеттен 8 жобаға қаржы қаралған. Осы қаржыға 8,7 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Нәтижесінде тозу көрсеткіші 2,9 пайызға төмендеді. Айта кету керек, аймақтағы барлық 1067 әлеуметтік нысан мен орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосылған 855 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етілуде.
Қазіргі таңда, Сыр шаһарында күрделі жөндеуді талап ететін кондоминиум объектілерінің үлесі төмендеді. 2011 жылғы 800 үйден 550 үйге азайды. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыс бойынша 15 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті.
– 2023 жылға республикалық бюджеттен 18 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуге 862,4 миллион теңге қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 11 үй, Қазалы ауданында 4 үй, Жаңақорған ауданы 2 үй. Сонымен қатар, құрылысшылардың қолдауымен облыс орталығында 28 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панелдермен жаңартылды.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі