Ұлттық жоба бойынша Дүр Оңғар ауылында биыл 5 кәсіпкер жұмысын жүргізуде
Дүр Оңғар ауылы аудан тарихындағы ең еңселі, бірлігі бекем елді мекеннің бірі. Бұған дейін, Энгельс, Жаңажол, ал бүгінде Сыр сүлейі Дүр Оңғар жырау есімімен аталған құтты мекенді талай дарын иелері, оның ішінде Кәрімберді Жақанов, Болатбек Сүлейменов, Қылышбек Әбішев сынды қоғам қайраткерлері басқарса, елдің өсіп-өркендеуіне КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбдіғани Әбжәлиев, Ленин орденді күрішші Пиян Жұқаева, ІІ-ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иесі данқты тракторшы, шопан, диқан Бибігүл Әбішева және басқа да есімдері елге танылған атпал азаматтардың еңбегі сіңді.
Қазіргі таңда, бұл ауылдық округте 400 отбасының 2070 тұрғыны «Жаңажол» жауапкершілгі шектеулі серіктесігінде егін егуден, сонымен қатар төрт түлік өсірумен қатар шағын және орта кәсіпкерліктен нәпақасын табуда. Ал енді әлеуметтік тұрғыда көрсетіліп жатқан көмектерге келсек, ауылдағы арнайы санаттағы тұрғындарға мемлекеттен тағайындалған әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Атап айтар болсақ, есепті кезеңде ауылдың 2 отбасысы мемлекеттік атаулы көмек алса, 215 адамға зейнетақы, 63 адамға мүгедектігіне, 25 тұрғынға асыраушысы жоқтығына байланысты жәрдемақы тағайындалған. Көпбалалы 64 анаға, тыл ардагері статусы бойынша 8 тұрғынға, Ауған-Тәжік шекарасындағы қақтығысқа қатысушы 4 азаматқа мемлекеттен арнайы жәрдемақы төленіп отыр. Сонымен қатар, ауылдағы жұмыссыз жүрген тұрғындарды қолдау мақсатында 24 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 12 жас маман өз мамандықтары бойынша жұмысқа қабылданған.
Ауылда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда «Айман» шаруа қожалығы ауыл, тіпті аудан орталығы тұрғындарын сапалы айран, қатық, қаймақ және басқа да сүт өнімдерімен қамтамасыз етуде. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2 жоба, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы шеңберінде 2 жоба, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жобасы бойынша кәсіпті бастауға ниет білдірген 6 ауыл азаматы мемлекеттік грантқа қатысып, бүгінде олар өз кәсібін бастаған. Биыл 5 азамат осы бағдарламамен жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, «Қызылорда өңірлік инвиститциялық орталығы» арқылы «Іскер» бағдарламасы шеңберінде жоба дайындаған 3 тұрғын несиеге ие болса, мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған 2,5 пайыздық несиені иеленуге 2 азамат құжат тапсырып, «Ауыл аманаты» бағдарламасына да қатысуға ниет білдіргендер бар.
Ауылдық округте тұрғындар, әсіресе, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда белсенділік жоғары. Бұл ретте, тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамытуға «Жаңажол» серіктестігі барынша қолдау көрсетуде. Ардагерлер, тұрғындар, жастармен түрлі спорттық шаралар ұйымдастырып, тұрғындарға салауатты өмір салтын қалыптастыруға насихаттық жұмыстар жүргізуде. Тіпті, талантты жастарды аудан, облыста өтетін шараларға қатысуға демеушілік көрсетуде.
Міне, осындай бірлігі бекем, бағы мен берекесі тасыған құтты елді мекеннің өсіп-өркендеуіне «Бақ-береке», «Орион» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысшыларымен жақын арада заманауи үлгідегі жалпы құны 427,3 млн теңге тұратын спорт кешенінің және құны 103,5 млн тұратын ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталмақ. Тағы бір айта кетерлік жаңалық, ауылдағы 9 көшенің, бүгінгі күнге дейін жарықтандырылмаған 5 көшесінің электр желісін жаңарту, сондай-ақ 6 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу, ауылды газдандыру сияқты жобаларды жүзеге асыру жұмысы жүргізілуде.
«Жаңажолдың» жарқын жолы
Ал, енді ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыруға арналған осындай игі бастамалардың басы-қасында жүрген, облыс аумағында күріш саласы бойынша үздіктер көшін бастап, даңқы қазақ еліне танылған, білікті ауыл шаруашылығы маманы, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Төлепов басшылық ететін «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екенін біз жақсы білеміз.
«Жаңажол» серіктестігі негізінен күріш өндірумен айналысатын және оны өндіруде Сыр елі бойынша үздіктер көшінен орын алғанына біраз жыл болды. Жалпы егіс көлемі 4406 гектар алқапты құрайтын «Жаңажол» ЖШС биыл 3100 гектарға Сыр салысын орналастырса, 699 гектарға көне, 208 гектарға жаңа жоңышқа күтіп баптауда. Ал, 290 гектарға орналастырған жаздық бидай, 50 гектарға жүгері, 50 гектарға сорго және 5 гектарға картоп егіп, оны күтімге алған. Сонымен бірге, биыл заманауи әдіспен ауыл кіреберісіндегі 4 гектар баққа Жамбыл облысы, Мерке ауданынан әкеліп орналастырылған жеті жарым мың алма көшеті күтіп, бапталуда.
Серіктестік биылғы егін егу науқанына сақадай дайын. «Балапанды күзде санайды» дегендей, күзгі жиым-терім науқанына «CLAAS-450» және «Енисей 200/РЖ-5» маркалы 22 комбайн, «MaсDon» маркалы 5 жатка, 72 дана түрлі маркалы трактор мен 27 автокөлік және 118 дана түрлі ауыл шаруашылығы техникасы қатыстырылмақшы.«Ауыл ажары – азаматымен» демекші, серіктестік ауылдың өсіп- гүлденуіне бірден бір қолдау көрсетіп келе жатқан демеуші. Оның демеушілігімен бүгінде ауылдан заман талабына сай орталық алаң, сонымен қатар ауыл келбетіне көрік беріп тұрған «Бәйтерек» стелласы, су бұрқақ, демалыс саябағы, гүлге оранған көшелер, жылыжай кімнің де болсын көңіліне қызығушылық тудырары анық. Алыстан әсемділігімен көз тартады. Сонымен қатар, ауылдың тазалығын да өз міндетіне алған.Серіктестік күріш өндіруде өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқатевтың атынан жазылған «Парыз – 2022» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурс шешімімен «Ірі кәсіпкерлік санатындағы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясын алса, жақында ауылдастарын тағы бір жағымды жаңалықпен, яғни Қызылорда қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауарлары – 2023» өңірлік көрме-байқауына қатысып, ондағы «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясын жеңіп алды. Енді алдағы уақытта Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде Сыр бойы елі намысын қорғайды.
Ұлтымыздың салт-дәстүрін, үрдісін сақтауда, жас ұрпаққа саналы тәлім-тәрбие беруде серіктестік тарапынан көптеген қолдаулар көрсетіліп келеді. Осы жылы серіктестік 10 мектеп оқушысына жазғы демалыс орындарына жолдама сыйласа, 25 бүлдіршінге әлеуметтік тұрғысынан қаржылай қолдау көрсеткен. Күріш дақылынан басқа әртараптандыру мақсатында арпа, бидай, соя, сорго дақылдарын егуді қолға алды. Тәулігіне 100 тонна күріш ақтайтын зауытты іске қосты. Қуандария ауылы тұрғындарының бақша егуіне қолайлы жағдай жасауда ауыл маңындағы «Таңатар», «Қуаңдария» каналдарын жөндеуден өткізіп берді. ІІ-ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, бүкілодақтық халық шаруашылылғы көрмесінің күміс және қола медалінің иесі, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» Бибігүл Әбішева мен бірнеше ауыл тұрғындарына заман талабына сай жаңа тұрғын үй салып берді. Шаруашылықтан сым, газоблок өндіретін цех ашып, оны ел игілігіне пайдалануға беріп отыр.
Осындай игі бастамалардың басы-қасында жүріп, оның жүзеге асуына бірден бір қолдау көрсетіп жүрген серіктестік директоры халық қалаулысы ретіндегі қажырлы еңбегі десек артық айтқандық емес.
Ал, енді облыстық мәслихат депутаты ретінде аудан халқының аманатын жоғары билікке жеткізуде тынымсыз еңбек етіп жүрген Орынбасар Өтепұлының өмір жолына тоқталсақ. 1962 жылы Дүр Оңғар ауылының қарапайым шаруа отбасында дүние дидарын ашқан Орынбасар ағамыз орта мектепті тәмамдаған соң, қатарлары сияқты жоғары білім алып, бір мектепте білім алған Нұрзия Байарыстанқызымен шаңырақ көтереді. Бүгінде сол бақытты да шаттыққа толы керегесі нық шаңырақ астында 4 ұл-қыз өсіріп, олардың қоғамнан өз орнын сайлап алуына еңбек сіңіріп жатқан жайлары бар.
Үкілеп өсірген ұрпақтарының барлығы да отбасылы, жоғары білімді мамандар. Үлкені Тұрсын мен оның зайыбы Несібелі кәсіпкер, қызы Алма медицина саласының маманы – тепрапевт, Ерсіні де кәсіпкер, оның зайыбы балабақшада, ал енді кіші баласы Ермекке келсек ол да ағалар ісін жалғастыруда. Жас болса ауылдағы білікті кәсіпкерлер қатарында, оның зайыбы Сәния ауылдағы мектепте ұстаз болып еңбек етуде. Міне, осындай өнегелі ұрпақ тәрбиелеген ағамыз ұлдарынан 6 немере сүйіп отырған бақытты ата.
Атпал азаматтың «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарғанына да биыл үш жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында білікті басшының ұйымдастыруымен шаруашылық жетістікке қол жеткізуде көптеген іргелі істер атқарды. Егін шаруашылығын әртараптандыруда ол мамандармен кеңесіп, озық технологияларды пайдалана отырып, күріштен сапалы өнім алды. Ел алдындағы елеулі еңбегі үшін де ол өткен жылы «Жыл үздігі» номинациясын иеленді.
Осы ретте, Орынбасар Өтепұлынан серіктестікті басқарғалы бері қол жеткізген жетістіктері, халық қалаулысы ретінде атқарған жұмыстары туралы сұрағанымызда ол, «Көктемнің бір күні жылға азық» дегендей, диқан қауымы үшін әрбір күн қымбат. Бір күнді бекерге өткізіп алсаң, оны орнына келтіру қиынның қиыны. Көптен жоспарлаған жұмысыңның жоққа шыққаны десе де болады. Алайда, оған тоқтап қалған диқаншы жоқ. Тек оның мақсаты алға жылжып, еткен еңбектің нәтижесін көру. Мен осы уақытқа дейін көптеген өнегелі өмір жолымен ел құрметіне бөленген ағалардан тәлім алдым. Алғашқы еңбек жолымды бастағанда Кәрімберді Жақанов, одан кейін Болатбек Сүлейменов, содан кейінгі жылдарда Қылышбек Әбішевтей атпал азаматпен бірге кезмет еттім. Олардан алған үлгімді өміріме сабақтастырдым. Осындай ел құрметіне бөленген азаматтардың ізбасары ретінде бүгінде өзім де шәкірт тәрбиелеп жатқан жайым бар. Еңбек жолым мектепте басталса, одан кейін шаруашылықта трактор тізгіндедім. Еңбегімді елеп, партия қатарына қабылдады. Инженер-электрик мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Еңбектің арқасында осындай дәрежеге қол жеткіздім. «Еңбек елге танытады» демекші, басшы ретінде жұмысқа адам қабылдауда оның таңдаған мамандығы бойынша қаншалықты білімді екеніне, жұмыс тәжірибесіне қараймын. Мамандармен ақылдасамын. Кез келген мамандықтың қыр-сыры бар дегендей, алдымен күрішші мамандығын таңдағандарды қырманға, тракторшыларды слесорлыққа, тағысын тағы мамандықтарды игеруге жібереміз. Сосын барып, оны негізгі мамандыққа қабылдаймыз. Осы уақытқа дейін шаруашылықты басқарған әрбір басшының өз ұстанымы болды. Соның барлығын бойымызға жиып, алған тәліміміздің жемісін көріп отырмыз. Рас, «Баласы жаманды түйе үстінде де ит қабады» деген екен дана бабаларымыз. Ең басты мақсатымыз – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Балаларыма да соны айтамын. Депутат – халық қалаулысы. Сондықтан мен өз сайлаушыларымның мұң-мұқтажын жоғары отырған билікке жеткізуде еңбек етемін. Өзім облыстық мәслихатқа депутат болып сайланғалы бері біршама ілкімді істердің басы-қасында болдым. Атап айтар болсақ, Тұрмағамбет, Ақжар, Қармақшы ауылдарында дәрігерлік амбулатория, ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар ауылдарында спорт кешенін салуға мұрындық болып, туған халқымның сәл болса да әл-ауқатын арттыруға үлесімді қостым. Бүгінде Жосалы кентінде спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілсе, Ақайда бір спорт кешені салынуда. Көптен түйіткілді болып келген Төретам кенті мен Ақай ауылын газдандыру мәселесі де шешімін тапты. Басқа да ел мүддесіне арналған жобаларға қолдау көрсетіп, оның оң шешім табуына жұмыс істеп жатқан жайым бар. Сонымен қатар Дүр Оңғар ауылы тұрғындарын табиғы газбен қамтамасыз етуде жұмыстар жасап жатырмыз. Сондай-ақ, шаруашылық атынан ауылдың электр желілерін жаңартуға қаржы бөлдік. Құрылыс саласы бойынша ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында газоблок шығаратын цехты іске қостық, №4 егіс бригадасының қосын жаңартудамыз. Иіркөл ауылы тұрғындарын қолдауда сол ауылдағы «Жаңатұрмыс» шаруа қожалығы арқылы түрлі көмектер көрсетудеміз. Рас, өзге өңірлердегідей бізде де су тапшылығы бар. Десе де, оның да жолын таптық. Бүгінде егістік каналдарына орналастырылған 10 дана су айдау насосы арқылы күріштікке су беріп жатырмыз. Енді бір жаңалық, қырманнан жаңа күріш сақтайтын қойма салудамыз. Ауыл іргесінен алма бағын ашып, оған Меркеден түрлі сорттағы алма көшетін ектік. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды жалғастырамыз деген ниеттеміз» дейді халық қалаулысы Орынбасар Өтепұлы.
Расымен де «Ауылын көріп, азаматын таны» деген ұлт даналығы Орекеңдей атпал азаматтарға арнап айтылған ба дерсіз. Бүгінде Дүр Оңғар ауылы өзінің әсемдігімен, көріктілігімен ауданға, тіпті аймаққа танылған елді мекен. Саялы талдар, әсем құрылыстарымен безіндірліген ауылды көріп, біздің де ауылымыз осындай болса екен дегендер де аз емес.
Әлбетте, Дүр Оңғар ауылының осындай кейіпке енуіне ауылдастары Орынбасар Өтепұлындай ел перзентінің еңбегі бар деп біледі.
Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас
«Сары қымыз сүйегіңе сіңсе, сан ауруды кеседі» депті атам қазақ. Үйірілген сары алтындай сары қымыз дертке шипа, денсаулыққа күш берерін біз жақсы білеміз. Қымыз – қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметтісі. Рас, қазіргі таңда қымыздай емге шипалы сусынға сұраныс көп. Негізінен қазақ халқы бұрындары ұлттық тағамымыз – қымызды той-томалақта сусын ретінде дастарқанға қойған.
Келесі кезекте біз ауыл әкімдігінің маманы Әзімхан Өтегеновтың жол бастауымен мемлекеттен ауыл жастарын, оның ішінде көпбалалы жас отбасыларды қолдауға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында «Жылқы өсіру» бағыты бойынша қайтарымсыз грантты жеңіп алып, бүгінде кәсібінен нәсібін тауып отырған жеке кәсіпкер Мақпал Оңалбаеваның отбасына бардық. Аулаға енгенімізде есік алдында ойнап жүрген балалар біздің анасына келгенімізді сезді ме, «Мама қорада жылқы сауып жатыр» деп аула төріндегі қораға жол сілтеді.
Қорада екі-үш жылқы байлаулы тұр. Ал, арғы жағында бие сауып отырған Мақпалды көрдік. Шіркін-ай, қандай керемет көрініс. Мақпалдың сүйріктей саусағы бие желіне тиген сайын сүт өзінен өзі қолындағы шелекке сауылып жатқандай. Көріністі тамашалап тұрып, оған биені саууын тоқтатпауын өтіндік. Ол бізге күле қарап, әңгімесін бастады.
«Өткен жылы мемлекет тарапынан ауылдағы жұмыссыз жастарды, оның ішінде біздей қазақ келіндерін жұмыспен қамтамасыз ету мақсатындағы қайтарымсыз грантқа қатысып, ата кәсібіміз – жылқы ұстап, бие сауып, елге қызмет еткенді жөн көрдім. Бұл арман да орындалып, «Жылқы өсіру» бағытында грант жеңіп алдым. Бүгінде қорамда бие ұстап, қымыз сапырып отырған жайым бар. Таңғы мезгілде ауылдастарым келіп саумал ішіп кетеді. Одан қалғанын көрші-көлем, ағайын-туыс, достарға үлестіремін. Әзірге сатып жатқаным жоқ, Жоғарыда айтқанымдай өзімізден ауыспайды. Одан қалды бағымымызда бірнеше уақ мал мен мүйізді ірі қара бар. Олардан да сүт, айран, қатық өндіреміз, құрт, ірімшік жасаймыз. Мен қазақ отбасының келіні ретінде оның міндетін орындауға тырысып жүрмін. Әрине, анамнан үйренгенім бір бөлек, бірақ «Келін қайын ененің топырағынан» дегендей, осы отбасыға келін болып түскелі енемнен үйренгенім бір төбе. Бала тәрбиелеу, қонақ күту, тағысын тағыларды айналып кетейін екінші анамнан көріп, үйрендім. Тіпті бие сауамын деген де түсіме кірмейтін. Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, қолыма ақ шелегімді алып, бие сауып отырмын. Мен бақыттымын. Үкімет мен сияқты жастарды қолдап, жұмыспен қамтуда. Осы кәсіптің арқасында балаларымның тамағы тоқ, киімі көк. Осындай берекелі кәсібімнің арқасында жан-жағымдағы ағайындарымның алғысын алып отырмын», – деді ол биесін сауып болып, жаңа сауған саумалдан бізге дәм ұсынып.
Одан соң Мақпалмен бірге үй жанында отырған егде тартқан ананың жанына келгенде ол «Менің екінші анам» деп таныстырды. Біз де келген жайымызды айтып, апамызбен жылы әңгімеге көштік. Өзін Гүлзада деп таныстырып, отбасы туралы айтып өтті. Сегіз ұрпақты өмірге әкелген Гүлзада анамыз жары Өмірзақ ағай да осы ауылдың тумасы екенін, шаруашылықта ұзақ жыл еңбек етіп, бүгінде көрген бейнетінің зейнетін көріп отырғанын жеткізді. Ұлдары Асхат, Бағдат, Нұрлыбек есімді ұлдары әкесі сияқты бірі – механизатор, бірі – көлік жүргізуші болып ауылда еңбек етіп жатқанын айтты.
Әңгіме барысында Мақпалдың бие сауудан басқа ауласын гүлге, жеміс ағаштарына толтырып қойғанын да байқадық. Гүлзада анамыз бұл тақырыпта келінінің еңбегі зор екенін айты. «Нұрлыбегім ерте азанмен жұмысқа кетіп, үйге кеш бата келеді. Ол шаруашылықтағы жұмысынан қолы босамайды. Барлық тірлік Мақпалдың міндетінде болғандықтан ауладағы бақшалық, жеміс ағаштары мен онда егілген көкөністер, қорадағы малға қарау, үйдегі тірліктің барлығы келініме жүктелген. Осындай келін сыйлаған ұлыма да, құдаларыма алғысым шексіз» дейді ардақты ана.
Расында да, «Әйелдің қырық жаны бар» деп дана халқымыз айтқандай, отбасындағы бар тірлікті өзіне алып, шаттыққа толы шаңырақ атануына себепші, көйлегінің етегіне жабысқан 4 ұл-қыздың аяулы анасы атанып отырған бақытты Мақпалға қарап отырып, біз риясыз ризашылығымызды білдіріп, кәсібіне береке тілеп, Дүр Оңғардағы жұмыс сапарымызды әрі қарай жалғастырдық.
Назеркенің кондитерлік цехында
Сан түрлі мамандық арасында кондитерлік те қалыс қалған емес. Қандай да бір мереке немесе арнаулы даталы күндерге арналған той-томалақтарда арнайлап дайындалған тәттілермен басқа да өнімдер дастарқан сәнін келтіріп тұратыны анық. Кондитерлік – шағын кәсіп түрі. Қазақ отбасындағы әрбір әйел заты кондитерлікті сүйікті ісіне айналдырған. Сонымен бірге, осы кәсіп арқылы ел-жұртының ризашылығына бөленіп жүргендер де жетерлік. Соның ішінде, кондитерлікті кәсіпке айналдырғандардың бірі – ауыл тұрғыны Назерке Амандыққызы кәсібі жөнінде былай деп әңгімесін өрбітті.
«Кондитер мамандығы – бүгінгі сұранысқа ие саланың бірі. Қыз бала болған соң мен де анамның қасында жүріп, кішкентайымнан тәтті пісіруге қатты қызығып өстім. Көпбалалы ана ретінде өткен жылы «Еңбек» бағдаламасы бойынша қайтарымсыз грант жеңіп алып, бүгінде өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жатқан жайым бар. Ауыл тұрғындарына сұраныстары бойынша нан өнімдері мен түрлі тәттілер пісіріп беремін. Тіпті, той-томалақтарға да тапсырыстар қабылдаймын. Мемлекет тарапынан тағы бір қолдау болса, кәсібімді кеңейткім де келеді. Отбасымда мүйізді ірі қара мен уақ мал өсіремін. Айран, қатық, құрт, ірімшік жасаймын. Бұлар менің балаларымның күнделікті асы. Жарым Бауыржанмен бірге ұрпақ тәрбиелеп жатқан жайым бар. Еліміз дамушы мемлекеттер қатарынан болғандықтан кәсіптің қай түріне болсын қолдау бар» дейді ол.
Бибігүл апаның отбасында
Даңқты тракторшы, диқан, шопан, ІІ-ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің екі күміс, бір қола медалінің иесі, ауданның Құрметті азаматы Бибігүл Әбішеваның есімі Сыр халқының аға және орта буын өкілдеріне жақсы таныс екені белгілі.
Сапар барысында апайымызға сәлем беру мақсатында оның отбасында болдық. Бізді жылы шыраймен қарсы алған апайымыз жайылған дастарқан басында өткен өнегелі өмір жолынан естеліктер айтты. Еліміздің зиялы қауым өкілдері, жалпы айтқанда өзінің адами тұрғыда қалыптасуына еңбек сіңірген ағалар мен апалар, замандастары жайлы әңгіме өрбіттік.Ал, енді осындай өнегелі өмір жолымен ел құрметіне бөленген Бибігүл Әбішеваны жас ұрпақ тани ма? Осы сұрақ төңірегінде жауап ретінде апайымыздың өмір жолынан азғантай дерек берсек.Бибігүл Әбішқызы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында ауылдағы шаруашылық басшыларының қолдауымен ұйымдастырылған «Шалқар» жас шопандар бригадасының жетекшісі ретінде өңірімізде қой шаруашылығының өркендеуіне зор үлесін қосты. Одан кейінгі жылдарда механизатор, диқан ретінде де ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлесін қосып, құрметпен зейнеткерлік демалысқа шықты.
Ел алдындағы елеулі еңбегі үшін жоғарыда айтылған мемлекеттік наградалардан басқа, ҚазКСР Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланды. Сонымен қатар, Мәскеуде өткен Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының ХV съезі мен Алматыда өткен Қазақстан Компартиясының ХVI съезіне Сыр елі халқының атынан делегат болып қатысты.
Өмірлік жары, марқұм Кариман Сыдықовпен бірге өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, олардың қоғамнан өз орнын сайлап алуға еңбек сіңірді. Ауыл көркін кіргізетін сол ауылда туып-өскен азаматтар екені рас. Кіндік кескен ауылының ажарын кіргізіп, босағасына береке бітірген атпал азаматтарды көргенде денеңдегі алпыс екі тамырыңда бір сезімнің атойлайтынын білеміз.
Расында да, кімнің де болсын бір бүйірінде туған жері, оның бүгінгі хал-ахуалы, ертеңі жүргені жақсы. Міне, осындай дәулеті мен бақ-берекесі бірге артқан Дүр Оңғар ауылы, оның тұрғындарының бір шаңырақ астында ілкімді істерімен, ынтымақшылдығымен өзге өңірге үлгі көрсетіп жүрген ауданымыздың мақтанышы десек артық айтқандық емес. Заман талабына сай өсіп-өркендеген, гүлденген, бақ-берекесі тасыған, ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатқан, елеулі еңбегімен аймаққа танылған дүроңғарлықтар қашаннан Сыр еліндегі еңселі елді мекен қатарында екенін дәлелдеуде.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі