«Анаға тағзым» орталығында «Ұлықты әйел – ұлт ұйтқысы» атты аймақ әйелдеріне арналған ашық есік күні қызылордалық әйелдер делегациясының қатысуымен қорытындыланды.

Сыр аналарына арналған салтанатты шараның алғашқы кезеңінде облыс орталығының әжелері, қыз-келіншектері «Анаға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. Арнау арнап, думандатып, ашық есік күнінің мән-мағынасын арттырды.

Орталықтың табалдырығын алғаш аттаған аналар қауымы қазақы дәстүрмен шашу шашып, мұндағы қызметкерлердің қабылдауына ыстық ықыластарын жеткізді. Арнайы дайындалған көрмемен танысып, салт-дәстүрімізді дәріптеп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Әжелерден құралған ансамбль Сырдың сұлуларына арнап ән шырқады, қырмызы қыздар «Сапа Ка» ұлттық нақыш орталығының этно стильдегі киімдер үлгісін көрсетті.

Осы ашық есік күнінде қызылордалық аналарға, қыз-келіншектерге қала әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған қауым ерекше көңіл күймен тарқасты.

БӨЛІСУ