Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады.

Мемлекет басшысына Қазақстандағы криминогендік жағдай туралы баяндалды.

Ержан Сәденов:

елімізде жасалатын қылмыстар санының төмендеу динамикасы сақталып отыр. Кісі өлтіру 20 пайызға, ұрлық 28 пайызға, қарақшылық 32 пайызға азайғанын айтты;
тонау, бұзақылық, мал ұрлығы, денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактілері, сондай-ақ басқа да қылмыс түрлері төмендегенін баяндады;
құқықбұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, заңға қайшы әрекеттер мен қылмыс жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығын іске асыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы мәлімет берді: Бүгінде 8 миллион 500 мың заңға қайшы әрекет анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 миллионға көп. Жасалған құқықбұзушылықтар үшін 90 миллиард теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, 71 миллиард теңге өндіріп алынды;
ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіру, соның ішінде ІІО қызметкерлерін аттестациядан өткізіп, ведомствоны лайықсыз мамандардан тазарту шаралары туралы баяндады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Мемлекет басшысы қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтты.

БӨЛІСУ