Бүгін облыстық білім басқармасының басшысы А. Есжанов журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеретін жаңа білім ордалары туралы айтып, он айдың қорытындысы мен алдағы мақсат-міндеттерді баяндады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталды. Ал 11 мектеп 2024 жылы салынады деп жоспарлануда. Осылайша өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі 2025 жылы толық шешіледі деп күтілуде.
Басқарма басшысы жаңа оқу жылының басында облыс орталығындағы 4 мектептің жанынан барлығы 1850 орынға арналған жаңа қосымша ғимараттар пайдалануға берілгенін және осы арқылы бюджет қаржысы үнемделгенін айтты.
Ал Қызылорда қаласы, Бәйтерек мөлтек ауданынан пайдалануға берілген 600 орындық жаңа мектеп 2 мектептің сыйымдылық жүктемесін төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ Шиелі ауданы, Байсын ауылында 250 орындық мектеп ғимараты ел игілігіне табысталды. Жыл соңына дейін 550 орынды құрайтын Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі 250 орындық және Жаңақорған кентіндегі 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі.
Асқарбек Темірбекұлы журналистерге мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттердің шәкіртақысы өскенін айтты. Сондай-ақ балаларға берілетін тегін ыстық тамақ, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік және білім сапасы көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді баяндады.
Басқарма басшысы Президенттің «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасы аясында мектепке дейінгі, орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру деңгейінде сапа мен қолайлы орта қалыптастыру бағытында нақты шаралар белгіленіп, осы мақсатта өңірдің арнайы жол картасы қабылданып, жүзеге асырылатын жеткізді.
Басқарма басшысы брифингте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 заманауи мектеп салынатынын айтты.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Арал ауданында – 4, Қазалы, Қармақшы және Жаңақорған аудандарында – 2 жайлы мектептен, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарында 1 мектептен, Қызылорда қаласында – 8 заманауи мектеп бой көтереді.
Биыл 10 мектептің құрылысы басталды, оның 5-еуі облыс орталығында орналасқан. Облыстағы 6 апатты мектептің 4-еуінің мәселесі осы «Жайлы мектеп» жобасы аясында шешімін табады.
Қалған 2 мектеп «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» мен жеке инвестор есебінен жүргізіледі.