23 қарашада Шиелі аудан орталығында қоғамдық медиаторлар және мектеп психологтары, тұрғындарға арналған «Медиация – бітімгершілік алаңы» атты семинар-кездесу өтті.

Шарада сөз алған «Әділдік жолы» РҚБ-нің Қызылорда облыстық филиал басшысы, облыстық ҚХА жанындағы Медиаторлар Кеңесінің төрағасы, тренер-медиатор Л. Бақтыбаева тұрғындарға медиацияның мүмкіндігін түсіндіріп, қандай да бір даулы мәселелер туындаса құқықтық кеңес берілетіндігін, қоғамдық кездесулер өткізіп, әлеуметтік мәселелерін шешуге, медиация кезінде тараптар өкілдерінің арасында қалыпты қарым-қатынастарды сақтап, күш пен уақытты үнемдеу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары екенін, отбасылық соттағы өзгерістер мен медиация саласындағы жаңашылдықтарды атап өтті. Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Ш. Абдраманова медиация бағытында жыл көлемінде атқарылған жұмыстар жайлы, кеңес алу үшін медиация кабинетіне кез келген уақытта жүгінуге болатындығына ерекше тоқталып кетті. Сонымен бірге, жиында құқықтық, әлеуметтік, еңбек мәселелері бойынша кеңес беріліп, медиацияның халық үшін маңыздылығы айтылды. Кездесуге қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, тиісінше жауап берілді.

БӨЛІСУ