ІІІ Интернационал ауылында облыс әкімінің орынбасары Қожаниязов Серік Салауатұлының төрағалығымен, аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы мен облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысы Талғат Дүйсебаевтың қатысуымен ауыл тұрғындарымен кеңейтілген жиын өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Салауатұлы алғы сөзінде өңірдегі барлық ауылдық округтердің жай-күйі аймақ басшысының тұрақты бақылауында екендігін айтып өтіп, ауыл инвесторлары үшін ең бірінші ауыл тұрғындарының бірлігін қамтамасыз ету маңызды екендігін жеткізді. Су тапшылығы кезінде ауыл шаруашылығы, оның ішінде күріш шаруашылығы саласын дамытуды жолға қойып, бұл қиыншылықтан шығу жолдарын қарастыру абзалырақ екендігін, аймақ басшысының ауыл шаруашылығы өкілдерімен өткен жиналыста шаруаларға халықпен санаса отырып жұмыс жасауды тапсырғандығын айтып, сол үшін халыққа оң көзқарас танытып, әділ, барынша ашық жұмыс жасауға шақырды.

Жиын барысында “Достық Жер” ЖШС директоры, ауыл инвесторы Бекир Набиев 2019-2021 жылдары аталмыш серіктестіктің директоры болған Сәрсенбаев Мұрат Абайұлының ауыл халқының игілігі үшін еткен еңбегіне алғыс білдіріп, қазақы дәстүрден жаңылмай шапан жауып, ат мінгізіп құрмет көрсетті. Өз кезегінде Мұрат Абайұлы да ауыл халқыңа ризашылығын жеткізді.

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтаров Сайлау мен ауыл ақсақалы Даврушов Рамиз ауылдағы 11 ұлт өкілінің атынан алғаусыз тілектерін білдіріп, ағалық алғыстарын айтты.

Жиынның қорытынды сөзінде аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы: “Елге келген инвестор ең бірінші өз пайдасы емес, халыққа тигізер шапағатын ойлауы керек. Бүгін ауылдың ауызбіршілігін қалпына келтіру үшін тағы бір қадам жасалды. Халықтың арасындағы түсініспеушілікке нүкте қойылды. Бірлігі бекем ауыл тұрғындары тату болып, бір бағытқа қарағанда ғана елдің ертеңіне сенуге болады. Сан ұлтқа ұя болған ауылдың ырысы молайып, берекесі артсын!”-деген лебізін білдірді.

©️Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ