Елордадағы Достық үйінде «Астана қаласы мәслихатының жұмысын ұйымдастыру және жергілікті өкілді органдардың қызметін жетілдіру тәжірибесі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясында реформаларды іске асыру жөніндегі заңнама мәселесі» тақырыбы бойынша «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Орталық Кеңесінің отырысы өтті.

Басқосу барысында мәслихаттардың ағымдағы көкейкесті мәселелері мен салалық заңнамаға енгізілмек толықтырулар мен өзгерістер талқыланып, ортақ ұсынымдар мен ориентирлер анықталды. Сонымен қатар, бірнеше пленарлық сессияда мамандар арнайы баяндамалар мен дәрістер оқыды.
Іс-шараға «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Т.Мұқашев модераторлық етіп, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Е.Каналимов елордалық мәслихаттың жергілікті мемлекеттік басқарудың рөлін арттыруға қатысу тәжірибесімен бөлісті.
Айта кетейік, жиынға Қызылорда облыстық мәслихатының Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Б.Сандыбаев, сондай-ақ, ҚР Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, 20 өңір мәслихатының төрағалары, ҚР Үкімет мүшелері мен орталық мемлекеттік органдар басшылары, БАҚ және азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Олар негізінен екі мәселе – салалық «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заң жобасында көрініс табуға тиіс толықтырулар мен өзгерістермен қатар, білім блогі, яғни мәслихат депутаттарын үздіксіз оқыту тұжырымдамасына басымдық берді.
Жиын соңында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Орталық Кеңесі отырысы Қаулысының қабылдануы мен мәслихат төрағалары Астана қалалық мәслихатының жұмыс тәжірибесімен танысып, бірнеше нысандарды аралады.

БӨЛІСУ