Облыстық мәслихаттың кезекті 7 сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов төрағалық етті.

Сессияға облыс әкімінің міндетін атқарушы Д.Жаналинов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі мен мәслихат аппаратының басшылары, барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары, тиісті басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде 12 мәселе қаралды.
Алдымен облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың жарлығымен мемлекеттік награда алып, құрмет төрінен көрінген мәслихат депутаттарын марапаттарымен құттықтады.
Одан соң, күн тәртібіндегі бірінші және екінші мәселе бойынша білім басқармасының басшысы А.Есжанов мәселелердің бірлескен отырыста егжей-тегжейлі талқыланғандығын айтып, депутаттардың тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлер мен сауалдарды өз жұмыс жоспарына енгізіп, алдағы уақытта іске асыру жолында бірлесе жұмыс жасайтындығын жеткізді.
Мұнан кейінгі «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» №153 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қ.Мүбараков облыстық бюджет жобасын нақтылау бойынша енгізілетін өзгерістерді хабарлады.
Хабарламадан соң, депутаттар басқарма басшысына кейбір мәселелер бойынша өз ұсыныс-сауалдарын қойып, өзара ой-пікір алмасты.
Сондай-ақ, облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесін тағайындау үшін тексеру комиссиясының төрағасы М. Қалдарбеков хабарлама жасап, тексеру комиссиясының мүшесі лауазымына Дулатбек Оразәлі Әбдірайұлы мен Мырзабек Сәкен Салхадинұлының кандидатураларын ұсынды. Осыған орай, депутаттардың көпшілік даусымен Сәкен Салхадинұлы Мырзабектің кандидатурасы қолдау тауып, облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі болып тағайындалды.
Сессияда күн тәртібіне шығарылған 12 мәселенің барлығы жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

БӨЛІСУ