Үстіміздегі жылдың 14 қараша күні облыстық мәслихаттың Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, депутат Б.Шәменованың төрағалығымен комиссияның кеңейтілген кезекті отырысы өтті. Отырысқа облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов, Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, депутат Б.Сандыбаев және облыстық мәслихат депутаттары Ж.Нұрымбетов, Ж.Ысқақ, Н. Әмитов, Ә.Шаймағамбетов, М.Нәлібаев, А.Абибуллаева қатысты.

Комиссияның екінші күнгі отырысында «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасы» бойынша облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары, ветеринария, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары хабарлама жасап, 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетке қатысты негізгі басымдықтар талқыланды.
Сондай-ақ, аталған мәселелер бойынша облыстық мәслихат депутаттары өз пікірлерін білдіріп, қойған сұрақтары бойынша тиісті жауаптарын алды.
Толығырақ атап өтсек, А.Абибуллаева облыс аумағындағы елді мекендердің шекараларын белгілеу, жер учаскелері төлемдерінің базалық ставкаларын қайта қарау туралы, Ж.Нұрымбетов су тарифінің 2024 жылы 2 есе өсетініне байланысты бюджет жобасында қаралған қаржыны екі есеге ұлғайту, ешқандай мекеменің теңгерімінде жоқ, апатты жағдайдағы көпірлерді есепке алып қаржы бөлу, Н.Байқадамов пен Б.Шәменова жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасы бойынша ветеринарлық іс-шаралар жүргізу бюджеттік бағдарламасына бөлінген қаржы жеткіліксіздігі, Б.Шәменова малдарды сырғалау жұмыстарын жүргізу үшін мекеме мамандарына планшеттер сатып алып беру, Арал теңізіне баратын Арал-Мергенсай жолының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы қарастыру, І.Тілеп Қазалы ауданы, Мұратбаев ауылынан жаңадан ашылған кварталда салынатын тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамту, Қазалы ауданы «Лақалы ауылына кіре беріс» аудандық маңыздағы автомобиль жолын қайта жаңғырту, Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі бірнеше көшелерді күрделі жөндеу, Ә.Шаймағамбетов 2024-2026 жылдың бюджет жобасында Жалағаш ауданы бойынша (елді мекендерді қоса алғанда) автомобиль жолдары мен көшелерді жөндеу жұмыстары және т.б өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Cондай-ақ, депутаттар бағдарлама әкімшілеріне нысаналы индикаторлардың тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмеуін болдырмау үшін жобалардың тиімділігіне әуелбастан терең талдау жасалуы тиіс екендігіне тоқталып, бұл қаражатты үнемді пайдаланудың бірден-бір жолы екендігін ескертті.
Отырыс соңында басқарма басшылары депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, аталған кейбір мәселелердің кезең-кезеңімен орындалатындығын жеткізді.

БӨЛІСУ