Аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішевтың төрағалығымен статистикалық есептілікке байланысты жиын өтті. Оған қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен жергілікті мекеме, дербес бөлім басшылары қатысты.

Статистикалық есептіліктерді жүргізу тәртібіне енгізіліп жатқан өзгерістерге байланысты Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және Реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің өкілдері арнайы келіп, семинар-кеңес өткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев «Статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік даму стратегиясын белгілеуде аталған саланың үлесі зор» – деп статистиканың маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Нұрқабылова макроэкономикалық көрсеткіштердің есептіліктерін жүргізу бойынша жеке дара тоқталды. Сондай-ақ 2025 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын, шаруаларды, фермерлерді, қалалар мен ауылдардағы жеке қосалқы шаруашылықтарды, сондай-ақ бау-бақша және саяжай кооперативтерін санақтан өткізу бойынша түсіндірме жүргізді.

Кездесуде жиынға қатысушылар статистикалық есептіліктерді жүргізу тәртібіне енген өзгерістер туралы сұрақ қойып, пікір алмасты.

БӨЛІСУ