Бүгінгі аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрғындармен кездесуі Сарыкөл мен Ғ.Мұратбаев ауылдық округтерінде жалғасын тапты.

Ең алдымен дарияның арғы бетіндегі Абай ауылының халқымен дидарласқан аудан басшысы жыл басынан бері атқарылып келе жатқан жұмыстарды қысқаша баяндап, алдағы жоспарлармен де бөлісті.

Мұнан соң сөз алған елді мекен тұрғындары қалқымалы көпірдің жайын көтерді. Аталған сауалға Мұхтар Әуесұлы тиісті шаралар қолға алынып жатқанын айтып, барлығы кезең-кезеңімен шешім табатынын жеткізді.

Айта кетейік, аудан басшысы халықпен кездесуден бөлек, Абай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен де танысты. Мердігер мекеме мамандарына жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарап, уақытында аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар құрылысы жүріп жатқан көгілдір отынның жайына қанығып, желілерді тарататын құрылығының орналасатын орнын пысықтады.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың кезекті кездесуі Ғ.Мұратбаев ауылында жалғасты.

Ауылдық клубтағы жиында Мұхтар Әуесұлы ел ішіндегі жүйелі жүріп жатқан жұмыстарға тоқталып, келер күннің еншісінде тұрған мақсат-міндеттерді де сөз етті. Сондай-ақ, ауыл халқының мұң-мұқтажын тыңдап, пікірлеріне құлақ асты.

Елді мекен жұрты ауылға білім ошағы мен балабақша қажет екенін, сондай-ақ, электр желілерін жаңарту, жайылымдық жерлердің мәселесі және төрт түліктің кенеден арылуы туралы сұрады.

Аудан басшысы көпшілікке барлығын жіті түсіндіріп, сауалдарға қатысты тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді.

©️Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ