Бүгін аудан орталығында мекеме, кәсіпорын қызметкерлері арасында баскетболдан белгілі спортшы, жаттықтырушы Алмас Жанназаровты еске алуға арналған аудандық турнирдің ашылу салтанаты өтті.

Турнирдің ашылуына аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов қатысып, спортшы Алмас Нұрқожаұлының өмір жолына тоқталды.

«Бүгін біздер киелі Арал топырағында туып-өскен, спорт майталманы, Арал өңірі спортшыларын тәрбиелеуде өзіндік сара жолын қалдырған белгілі бапкер – Алмас Нұрқожаұлы Жанназаровты еске алуға арналған аудандық турнирде бас қосып отырмыз. Алғашқы еңбек жолын қарапайым еңбектен бастаған Алмас ағамыз жастайынан спортты жанына жақын серік етіп, қай ортада болмасын, баскетбол ойынының шебері екендігін көрсетіп, талай мәрте жеңіс биігінен табылған. Дарынды азаматтың өнегелі өмірі артындағы ұрпақтары мен шәкірттерінің, спортшы достарының, жерлестерінің есінде мәңгі сақталады» – деп, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік пен жеңіс тіледі.

1996 жылдан бастау алып, бірнеше мәрте өткізілген бұл турнир бүгінге дейін спортсүйер қауым ынталана қатысатын, көрермен көзайымына айналған шара болып отыр.

Айта кетейік, Алмас Жанназаровты еске алуға арналған турнирге қатысу үшін ауданымыздан мемлекеттік мекемелер арасынан 13 команда, құрамында 140 – қа жуық спортшылар қатысуда.

БӨЛІСУ