Аймақта шағын және орта кәсіпкерлердің саны 12,6 пайызға артқан. Мемлекеттік қаржылай қолдаулардың көмегімен облыста біршама шағын өндіріс және қызмет көрсету орындары іске қосылды. Осы және де өзге де жаңалықтармен қатар, басқарманың 10 айлық қорытындысы жайында Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Каюпов айтты.

– Осы уақытқа дейін кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 124 376 адамға жетті. Бұл облыстың экономикалық белсенді халықтың 35,8 пайызын құрады. 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында шағын және орта кәсіпкерлікпен 300,6 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Биылғы жылы 42 млрд. теңгеге 3,5 мыңнан аса жоба қаржыландырылды, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Биғалиұлы.

Инвестиция тарту игілікті арттырады. Биылдың өзінде облысқа 386,4 млрд теңге инцестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 95,5 млрд теңгеге, яғни 27,7 % – ға артқанын көрсетеді.

– «Биыл облысқа 424,2 млрд инвестиция тарту индикаторы бекітілді. Инвесторлар және демеушілер есебінен жүзеге асырылатын жобалармен 45 млрд теңгедей қосымша резервтер анықтады. Сондықтан, облыс ішінде индикаторды 10 пайыздық өсіммен орындап, алдағы уақытта 472 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда,» – деді Азамат Биғалиұлы.

Биыл өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулына 1,1 трлн теңгені құрайтын 45 жоба енгізілген.

Биыл жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 310 жұмыс орны ашылатын 6 жобаны іске қосу жоспарланса, қазіргі таңда жалпы құны 4,3 млрд теңге болатын 2 жоба іске қосылды. Бұдан бөлек, 3,5 млрд теңгені құрайтын темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт өнім шығаруды бастады. Зауыттың қуаттылығы күніне 200 текше метр темірбетон бұйымдарын шығарады.
Былтырғы жылы қосылған шыны зауыты қазіргі таңда тұрақты өнім шығарады. Зауыт іске қосылғаннан бері 167 мың тонна өнім шығарды. Бұдан бөлек, неміс тарапымен бірлескен жоба аясында фиброцемент, газобетон және құрғақ құрылыс материалдарын өндіретін парк құру жоспарлануда. Жоба арқылы өңірге 150 млн АҚШ доллар инвестиция тарту және 500-ге жуық жұмыс орнын құру көзделуде.

БӨЛІСУ