Сырдария ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Байдушев төрағалық етті.

Комиссия отырысында 3 мәселе қаралды. Бірінші мәселе – алаяқтық қылмыстың, оның ішінде интернет алаяқтық қылмыстардың алдын алу туралы және екінші мәселе – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы А.Оспанов хабарлама жасады. Ал бұрын сотты болғандарды, оның ішінде пробациялық бақылау есебінде тұратын азаматтарды жұмыспен қамту және оларға әлеуметтік көмек көрсету бойынша атқарылған шаралар туралы үшінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М.Қаратаев пен аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Н.Дүйсенбаев ақпарат берді.

Бүгінде елімізде белең алған интернет алаяқтық қылмыстарының өсім алуы – алаңдатарлық мәселе. Құқық қорғау қызметкерлері мен түрлі сала мамандарының ескертулеріне қарамастан, халық адал тапқан ақшасынан айырылып, алаяқтардың құрбандарына айналуда. Бұған қатысты ауданда өткен жылы 3 алаяқтық қылмысы тіркелсе, ағымдағы жылдың 8 айында 8 қылмыс тіркеліп, өсім алған. Сондай-ақ, мал ұрлығы қылмысы мен жол-көлік оқиғалары өскен.

Комиссия отырысында осы мәселелер талқыланып, қылмыстардың алдын алу және болдырмау бағытында жұмысты күшейту керектігі айтылды. Осының негізінде хаттамалық тапсырмалар берілді.

БӨЛІСУ