Сырдария ауданы әкімі Берік Сәрменбаев аудандағы «Алтын той» иелеріне құрмет көрсетті.

Аудандық мәдениет үйінде өткен «Мәуелі қос бәйтеректің саясындай» атты іс-шарада аудан басшысы мерейлі отбасыларды марапаттап, олардың өмір белестері жастарға үлгі-өнеге екенін айтты.

– Дана халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген керемет сөз бар. Өйткені, Отанды сүюге тәрбиелейтін бірден-бір орта ол – отбасы. Отбасында жарасым, сүйіспеншілік, мейірім болса ғана шаңырақ биік құрылып, керегесі кең болады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында отбасын қорғау және бала капиталын қалыптастыруға ерекше мән берді. Мұндай қолдау әрбір қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін нығайта түсетіні сөзсіз. Ал облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың бастамасымен отбасылық құндылықтар дәріптелетін “Анаға тағзым” орталығы салынуда. Осындай халық игілігіне бағытталған шынайы шешімдердің ел арасында дұрыс қабылдануында Сіздердің пікірлеріңіз зор маңызға ие. Біздің ауданда мәуелі әулетке айналған мерейлі отбасылардың қатары қалың. Олар бүгінде бүтін бір елдің үлгі-өнеге алар жанұясына айналған. Отбасылық құндылықтарды сақтап, салт-дәстүрді берік ұстанған осындай ардақты жандар қай кезде де мақтануға лайық, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мұнан соң отасқандарына 50, 55, 60 жыл толған «Алтын той» иелеріне “Құттықтау” табыс етіліп, сый-құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, аудан әкімі жас отбасы Нұрсұлтан Маратұлы мен Қызғалдақ Бекмұратқызына неке куәлігін табыстады.

Іс-шарада Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров ақ батасын берді. Аудан көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.

БӨЛІСУ