Аудан әкімі Асқарбек Есжанов Жалағаш аудандық мәслихатының кезекті VII сессиясына қатысты.

Сессияны аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов жүргізіп отырды. Сессияның күн тәртібіне сәйкес Жалағаш ауданы бойынша жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жұмыстарының жайы туралы аудан әкімінің орынбасы Әліби Байнахатов баяндама жасады.

2023 жылы «Жалағаш ауданының орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің орманшы инспекторларына облыстық бюджеттен 95 млн теңге қаражат бөлініп, 1 дана Урал өрт автокөлігі, 10 дана арнайы қызметтік мотоциклдер табысталды.

Аудандық мәслихатының кезекті VII сессиясында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілді.

Сондай-ақ, «Жалағаш ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2021 жылғы 17 қарашадағы N10-2 шешіміне және «Жалағаш ауданы әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2018 жылғы 13 шілдедегі N25-2 шешіміне өзгерістер енгізілді.

Жалағаш аудандық мәслихатының кезекті VII сессиясына қатысқан аудан әкімі Асқарбек Есжанов бүгінгі қозғалған мәселелер өзекті екенін жеткізіп, алдағы уақытта мәжіліс отырысында нақтыланатынын айтты.

Сонымен қатар, аудан бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар қаржылай қолдау тауып, қарқынды іске асырылуы бірлескен жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін жеткізді.

БӨЛІСУ